Шымкенттің туристік әлеуеті артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы алты айында қалаға келген туристер саны 23,3 пайызға өскен. Қонақтарды қабылдау мүмкіндігін кеңейту үшін жаңа қонақ үйлер салынып жатыр. Сонымен қатар шаһардың сәулеттік келбетін жақсарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды. Отырыста қоғамдық кеңестің құрамына жаңадан қабылданған екі мүшеге куәлік табысталды. Сондай-ақ күн тәртібіне енгізілген екі мәселе қаралып, қаланың дамуына қатысты өзекті тақырыптар талқыланды.Туризм — қаланың экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды салалардың бірі. Бүгінде Шымкентте туристерге қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биыл бес қонақ үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Ал тағы сегіз нысанда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл қадамдар қалаға келетін қонақтарды қабылдау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Жиында сәулет және қала құрылысы басқармасының атқарған жұмыстары баяндалды. Басқарма өкілдері қала құрылысы бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.Қоғамдық кеңес мүшелері қала инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Соның бірі — шаһарға кіреберістегі төрт қақпаның дизайнын жаңарту. Кеңес мүшелерінің пікірінше, қалаға келген қонақтар үшінші мегаполиске табан тірегенін бірден сезінуі керек.Қоғамдық кеңесте көтерілген ұсыныстардың негізгі мақсаты — қаланың келбетін жақсартып, тұрғындар мен қонақтарға қолайлы орта қалыптастыру. Ендігі міндет — айтылған бастамаларды саралап, оларды жүзеге асыру жолдарын қарастыру.











