Үй алу үшін неден бастау керек? Қалай ақша жинап, қандай бағдарламалар арқылы баспаналы болуға болады? Шымкентте осы сауалдарға жауап беретін «Отбасы банктің» 21-ші кеңес беру орталығы ашылды. Жаңа бөлімше тұрғындарға баспана алу жолдарын түсіндіріп, қаржылық мүмкіндіктеріне сай тиімді шешім қабылдауға көмектеспек.Тұрғын үй сатып алуды жоспарлаған азаматтар енді қажетті ақпарат пен кәсіби кеңесті қаланың жаңа орталығынан ала алады. «Отбасы банк» кеңес беру орталықтарының желісін кеңейтіп, Шымкенттегі 21-ші бөлімшесін ашты.
Сондай-ақ банк «Отау Group» құрылыс компаниясымен бірлесіп, бір жыл ішінде 16 миллиард теңге көлемінде несие рәсімдеп, тұрғындарға баспана табыстаған. Алдағы уақытта құрылыс компаниясымен серіктестік жалғасып, ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.Бұл бастама баспана алуды жоспарлаған қала тұрғындарына қажетті ақпаратты қолжетімді етіп, үйлі болуға бастар жолды айқындауға мүмкіндік береді.Жаңа орталықта тұрғындарға баспана алу бағдарламалары, ипотекалық несие рәсімдеу шарттары және тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы ақпарат беріледі.
Сондай-ақ орталықтың ашылу салтанатына банк бағдарламаларының көмегімен баспаналы болған азаматтар да арнайы шақырылды. Олардың қатарында Айгүл апай да бар. Ол «Отбасы банктің» бағдарламасы арқылы алғашқы баспанасына қалай қол жеткізгенін айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.Осылайша, Шымкентте «Отбасы банктің» кеңес беру орталықтарының желісі кеңейе түсті. Жаңа орталық тұрғындарға тұрғын үй бағдарламалары туралы ақпарат алуға және баспанаға қатысты қаржылық шешімдерді сауатты қабылдауға көмектеспек.










