Өз өнімдерімізді танытуға зор мүмкіндік туды! Шаһарда отандық өндірушілердің басын қосқан «Шымкент өнімдері» көрмесі өтуде. Төрт күнге жалғасатын жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер өз тауарларын таныстырып, сауда-саттық аясын кеңейтуге мүмкіндік алмақ.Көрмеге түрлі салада жұмыс істейтін 70-тен астам кәсіпорын қатысты. Олардың қатарында тамақ және жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі, фармацевтика және басқа да бағыттағы кәсіпорындар бар. Келушілер отандық өнімдердің сан түрін тамашалап, өндірушілермен тікелей танысты.Өйткені бұл — кәсіпкерлер үшін өз өнімдерін көпшілікке таныстырып қана қоймай, тұтынушылардың пікірін білуге, жаңа байланыстар орнатуға және өз брендтерін дамытуға мүмкіндік беретін алаң.
Өз брендін қалыптастырып, сапалы косметикалық өнімдер өндіріп жүрген Зәуре Мұсаева да жәрмеңкеге қатысуда. Кәсіпкер нарықта екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол бет пен шаш күтіміне арналған өнімдер әзірлеп, табиғи шикізатқа басымдық береді.Кәсіпкердің айтуынша, әр өнімнің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жолы ол көрмеге емдік өсімдіктердің тамырлары негізінде дайындалған өнімдерін және жануар майы қосылған жаңа өнімін алып келген.Осылайша, дәстүрлі шикізатты заманауи күтім өнімдерінде қолдануға басымдық беріп отыр. Зәуре ханым үшін мұндай көрмелердің маңызы зор. Жергілікті өндірушілердің осындай бастамалары отандық өнімдердің түр-түрін көбейтіп, кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Ал тұтынушылар үшін бұл — өз қаласында өндірілетін тауарлармен жақынырақ танысып, отандық брендтерді таңдауға үлкен мүмкіндік.










