Шымкентте жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып, теміржол үстінен өтетін автокөлік өткелі толық пайдалануға берілді
Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың қатынау мүмкіндігін жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Тіленшин көшесіндегі теміржол үстінен салынған жаңа автокөлік өткелінің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Бұған дейін техникалық тұрғыда көлік қозғалысына ашылған нысанның айналма жолдары да толық іске қосылды. Сонымен қатар, аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталып, өткел мен оған жалғасатын жол бөліктері толыққанды пайдалануға дайындалды. Нәтижесінде, Тіленшин көшесі арқылы қатынайтын жүргізушілер үшін қозғалысқа қолайлы жағдай қалыптасты.
Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласының көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, жол инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындарға қолайлы қалалық орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі. Осы мақсатта өткен жылы Момынов және Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерінің негізгі құрылысы басталған болатын.
Бұл жобалардың басты мақсаты – қаланың әр бөлігіндегі көлік қатынасын жақсарту, теміржол желілерінен туындайтын қозғалыс кедергілерін азайту және жол-көлік жүйесінің өткізу қабілетін арттыру. Әсіресе, қала аумағы кеңейіп, тұрғындар саны мен автомобильдер легі артып келе жатқан кезеңде мұндай инфрақұрылымдық нысандардың маңызы ерекше.
Жаңа өткел автомобиль және теміржол қозғалысын бір-бірінен бөліп, көліктің үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік береді. Бұған дейін теміржол өткелдеріндегі қозғалысқа байланысты туындайтын кідірістерді азайтуға да ықпал етеді. Ал айналма жолдардың толық ашылуы көлік ағынын тиімді бағыттап, жүргізушілерге қосымша қолайлылық туғызады.
Жалпы, Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қаланың ұзақмерзімді даму жоспарымен сабақтасып жатыр. Жаңа жолдар мен өткелдер салу, көшелерді жаңғырту, көлік қозғалысын оңтайландыру – мегаполистің тыныс-тіршілігін жеңілдететін маңызды факторлар. Өйткені сапалы жол инфрақұрылымы тек көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың уақытын үнемдеуге, жол қауіпсіздігін арттыруға және қаланың экономикалық белсенділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Тіленшин көшесіндегі өткелдің толық іске қосылуы – осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Алдағы уақытта Момынов көшесіндегі өткел жобасының да қалалық көлік жүйесін жетілдіруге қосар үлесі зор болмақ.











