Егер бір сыныптағы оқушылардың 30 пайыздан астамы жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауырса, оқыту онлайн форматқа көшіріледі. Шымкентте сегіз айда аталған инфекцияның 148 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Оның басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Күзгі-қысқы кезеңде сырқаттанушылықтың алдын алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен 150 мың доза вакцина сатып алынған. Дегенмен, екпе тұрғындардың барлығына бірдей салынбайды.
Күзгі-қысқы кезеңдегі ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық жағдай және оның алдын алу шаралары бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары баспасөз жиынын өткізді. Айгүл Мелесқызының айтуынша, тұмаудан басқа вирустарды анықтау мақсатында 238 сынама зерттеліп, оның 122-сінен оң нәтиже алынған. Қыркүйек айынан бері 5967 ЖРВИ жағдайы тіркелсе, оның 2978-і балалар арасында анықталған. Қуанышқа орай, әзірге тұмау жағдайы тіркелмеген. Тұмаудың алдын алудың негізгі тәсілдерінің бірі – вакцинация. Шымкентте жергілікті бюджет есебінен 150 мың доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынған. Екпе инфекцияға осал топқа жататын азаматтарға тегін салынады.
Сондай-ақ медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған балалар, әлеуметтік оңалту орталықтарының қызметкерлері мен қызмет алушылары, 65 жастан асқан азаматтар да вакцинацияланады. ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандар саны артқан жағдайда қосымша шаралар да қарастырылған. Соның бірі – білім беру ұйымдарындағы шектеу шаралары.
Мамандар тұрғындарға адам көп жиналатын орындарға баруды шектеуге, қажет болған жағдайда жабық орындарда маска тағуға, қолды жиі жууға немесе антисептик қолдануға кеңес береді. Сонымен қатар бөлмелерді тұрақты желдетіп, күнделікті ылғалды тазалық жүргізу қажет.










