Шымкентте республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Игі бастамаға қала тұрғындары, қоғамдық ұйымдармен қатар мешіт жамағаты да белсенді атсалысып, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын насихаттап келеді.
Кезекті тазалық шарасы «Kenesary Han» мешітінің аумағында ұйымдастырылды. Оған мешіт жамағаты мен қала тұрғындары қатысып, құлшылық ордасының айналасын ретке келтірді. Шара барысында мешіт аумағы мен оған іргелес жерлер қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Бірлескен еңбек барысында тұрғындар қоршаған ортаны таза ұстау тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, баршаға ортақ жауапкершілік екенін тағы бір мәрте көрсетті. Өйткені тазалыққа деген көзқарас – адамның мәдениеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігінің бір көрінісі.
Абай ауданының бас имамы Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша, мешіт аумағында тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл іске жамағат мүшелері де белсенді түрде қатысуда.
«Тазалық ұғымын тек көше мен ауланың тазалығымен шектеуге болмайды. Негізгі мақсатымыз – тілдің таза болуы, жүректің таза болуы, бір-бірімізге мейірім-шапағат таныту. Әркім өз ауласын, жүрген жолын таза ұстаса екен дейміз. Көлік жүргізушілерінен де темекінің тұқылын жолға тастамауды сұраймыз», – деді Мұхамеджан Естеміров.
Имамның сөзінен-ақ тазалықтың ауқымы тек сыртқы ортаны ретке келтірумен шектелмейтіні аңғарылады. Қоғамдағы тазалық мәдениеті адамның өзінен, өз үйі мен ауласынан, жүрген ортасына деген құрметінен басталады. Сондықтан мұндай шаралардың тәрбиелік мәні де зор.
Тазалық жұмысына қала тұрғыны Нұрмахан Тұрмаханов та қатысты. Оның пікірінше, қаланың көркеюіне әрбір тұрғын өзіндік үлесін қосуы қажет. Ол әсіресе шаһардың шеткі аумақтары мен мешіт маңындағы жерлерді абаттандыруға тұрақты түрде көңіл бөлінсе деген тілегін білдірді.
Шымкент секілді күн санап қанатын кеңге жайып келе жатқан мегаполистің көркі ең алдымен оның тазалығы мен жинақылығынан көрінеді. Қала инфрақұрылымы қаншалықты жаңарғанымен, тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігі қалыптаспаса, атқарылған жұмыстардың нәтижесі толық сезілмейді. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны ретке келтіруге бағытталған науқан ғана емес, қоғамның экологиялық және азаматтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін ортақ бастама.
Акция аясындағы жұмыстарға түрлі әлеуметтік топтардың белсенді қатысуы да маңызды. Мешіт жамағатының тазалық шараларына атсалысуы – дін мен дәстүрдегі тазалық ұғымын күнделікті өмірмен сабақтастыра түсетін өнеге. Әсіресе жастарға қоршаған ортаға ұқыпты қарау, қоғамдық орындарды таза ұстау, өзінен кейінгі ортаға жауапкершілікпен қарау сияқты қарапайым қағидаларды қалыптастыруда мұндай бастамалардың тәрбиелік ықпалы бар.
Қаланың тазалығы бір күндік акциямен немесе белгілі бір науқанмен ғана шектелмеуі тиіс. Ол әр азаматтың күнделікті әдетіне айналғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Өз ауласын таза ұстау, қоқысты белгіленген орынға тастау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау, көшеге темекі тұқылын немесе басқа да қалдықтарды тастамау – шаһар тазалығына қосылған қарапайым, бірақ маңызды үлес.
Таза қала – ортақ еңбектің нәтижесі. Сондықтан Шымкенттің ажарын арттыру, қоршаған ортаны қорғау және тазалық мәдениетін қалыптастыру ісіне әр тұрғынның жауапкершілікпен қарауы маңызды. Тазалықты талап етуден бұрын оны өзімізден бастау – көрікті әрі мәдениетті қаланың басты қағидаларының бірі.











