Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл кешеннің Шымкент үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін айтады. Оның айтуынша, жоба қалдықтарды тиімді өңдеумен қатар, электр энергиясын өндіруге және экологиялық инфрақұрылымды дамытуға серпін береді. Шымкентте электр энергиясын өндіретін қалдықтарды термиялық кәдеге жарату кешенінің құрылысы басталды. Капсула салу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен қытайлық инвестор – «Шэньси Констракшн Инжиниринг Қазақстан Ко., Лимитед» компаниясының өкілдері қатысты. Бұл жоба Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қолға алынған. Кешен заманауи технологиялардың көмегімен тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, одан электр энергиясын өндіреді.
Жобаның өндірістік қуаты тәулігіне шамамен 1000 тонна қатты тұрмыстық қалдықты өңдеуге есептелген. Соның нәтижесінде тәулігіне 24 мегаваттқа дейін электр энергиясы өндіріледі. Инвестиция көлемі 54 миллиард теңгені құрайтын кешен 2026–2028 жылдары кезең-кезеңімен салынады. Жоба аясында кемінде 80 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, термиялық өңдеуден кейін қалған күлді құрылыс материалдарын өндіруге пайдалану көзделген. Бұл инвестициялық жобаның жүзеге асуына қала әкімінің 2024 жылы Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары негіз болды. Сол кезде әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, кейін ынтымақтастық туралы меморандум мен инвестициялық келісімге қол қойылған.
