Шымкентте жаңа оқу жылына дайындық аясында қаладағы барлық мектеп мониторингпен қамтылды. Оның ішінде мектеп асханалары, медициналық пункттер мен интернаттардың санитариялық жағдайы тексерілді. Мамандар ғимараттар мен инженерлік коммуникациялардың қауіпсіздігін, сумен жабдықтау, жылыту және желдету жүйелерінің жарамдылығына да назар аударды. Бүгінде қалада 285 мектеп бар, оның 151-і мемлекеттік, 134-і жекеменшік білім беру ұйымы.
Жаңа оқу жылында мектептердегі оқушылардың тамақтануына да ерекше көңіл бөлінді. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары баянадады. Биыл балалардың жас ерекшелігі мен ағзасына қажетті қоректік заттар ескерілген жаңа перспективалық мәзір бекітілді. Ас мәзірі құнарлы әрі әртүрлі болуы көзделіп, ақуыз, май, көмірсу, дәрумендер мен минералдардың теңгерімділігі сақталады. Сондай-ақ тағам құрамындағы тұз бен қант мөлшері шектеліп, ас дайындауда тек йодталған тұз қолданылылуы керек екені айтылды.
Мектептерде балалардың денсаулығын бақылау мақсатында күн сайын таңертеңгілік сүзгі жүргізіледі. Оқушылардың дене қызуы өлшеніп, жөтел, мұрыннан су ағу, тамақ ауруы сияқты ауру белгілерінің бар-жоғы тексеріледі. Күдікті белгілері байқалған балалар уақытылы анықталып, әрі қарай медициналық көмекке жіберіледі. Мамандар ата-аналарға баланың дене қызуы көтеріліп немесе сырқаттану белгілері байқалса, оны мектепке жібермей, дәрігерге қаралуға кеңес береді.
