Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың төрағалығымен әкімшіліктің кезекті жиналысы өтті. Жиналыста қала аумағындағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру және өзін-өзі қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру секілді өзекті мәселелер талқыланды.
Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ә.Әбдірахановтың айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтеруге жол бермеу мақсатында 4-жұмысшы топ құрылып, іс-шара жоспары бекітілген.
Өз кезегінде қала басшысы табиғи монополия субъектілерінің әсерін азайту мақсатында жекеменшіктендіру мәселесін қолға алуды тапсырды.
Сонымен қатар, жиналыста қаланың ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы және оны дамыту жолдары талқыланды.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Шымкент қаласының жалпы жер көлемі 117 мың гектарды құрайды. Оның ішіндегі 62,2 мың гектар жер ауыл шаруашылығында қолданылады. Қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбайдың айтуынша, қазіргі кезде қалада 39417 га егістік жер, 19571 жайылым, 244 шабындық, 1040 га аумағында көпжылдық екпелер бар. Жалпы Шымкент бойынша 4152 ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қызмет етуде. Оның ішінде 3908 шаруа қожалықтар болса, қалған 244-і ЖШС және ӨК болып табылады.
Қазіргі кезде Шымкент қаласына қарасты шаруашылықтар халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмайды. Бұл мәселені шешу мақсатында 2020-шы жылға дейінгі «Даму» бағдарламасына сәйкес бірқатар жоспарлар қойылған.
Шымкент қаласы әкімінің ресми сайты


