Шымкентте 16 жасқа толған үздік оқушыларға алғашқы жеке куәліктері салтанатты түрде табысталды. Ерекше шара Полиция департаментінде өтіп, оған оқу мен спортта жоғары жетістікке жеткен №135 мектептің 12 оқушысы қатысты. Жасөспірімдерге алғашқы маңызды құжаттарын департамент бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов табыстап, бұл сәттің әр азамат үшін үлкен жауапкершілікпен қатар жаңа өмірге бастар қадам екенін атап өтті.
– Бүгін сіздер ересек өмірге алғашқы қадам жасап отырсыздар. Елдің болашағы – сіздердің білімдеріңіз бен жетістіктеріңізде, – деді полиция полковнигі. Салтанатты жиында ұстаздар да қатысып, шәкірттерінің қуанышын бөлісті. Мұндай тағылымды шаралар жастардың бойында патриоттық рухты, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.










