Үшінші мегаполистегі Саз колледжінде студенттердің халықаралық және республикалық байқаулардағы жетістіктеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Биылғы көктем колледж жастары үшін табысты маусым болды. Студенттер беделді өнер додаларында кәсіби шеберліктерін дәлелдеп, көптеген жүлделі орындарды иеленді. Әсіресе республикалық жас орындаушылар конкурсында жоғары нәтижелер көрсетілді. Бұл жетістіктер білім ордасындағы сапалы білім мен шығармашылық еңбектің айқын дәлелі.
Шығармашылықпен қатар колледж студенттері әдеби-мәдени және қоғамдық бағыттағы сайыстарда да белсенділік танытып келеді. Мемлекеттік тіл, поэзия, көркемсөз оқу және ұлттық спорт салаларында да жоғары марапаттарға ие болды. Биылғы байқаулар қорытындысында бас жүлде мен ондаған жүлделі орындар колледж қоржынына түсті. Сондай-ақ студенттердің бірі Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын иеленді.
Колледж студенттері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткен XVIII Кіші олимпиадада да үздіктер қатарынан көрінді. Байқау қорытындысы бойынша бірнеше І, ІІ, ІІІ орындар мен арнайы дипломдар жеңіп алынды. Сонымен қатар жас таланттар «Accordion fest», «Жас Екпін», «Күй басы» және «TURAN DANCE» сынды халықаралық және республикалық байқауларда сәтті өнер көрсетті. Колледж ұжымы дарынды студенттердің әр жетістігін зор мақтанышпен атап өтті.
