1988 жылғы екінші соққы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В. Колбин тарапынан болды. Ол баяндамасында О. Смағұлұлының «Қазақстанның этникалық антропологиясы» атты кітабын көпшілік көз алдында сынап, авторын «ұлтшыл», «расист» етіп көрсетті. Далалық аймақта зерттеу жүргізіп жатқан жерінен ғалымды қуып шықты. Ал кітаптың редакторлары сол кездегі археология мен антропология саласындағы ең мықты мамандары СССР Ғылым академиясының академигі А.П.Окладников пен СССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті В.П. Алексеев болатын. Бұл жолғы қуғынға нүкте қойған Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков. Сол кезде Ө. Жәнібеков СОКП Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі Мишенкоға арнайы барып, О.Смағұлов, М.Мұқановтың жазықсыз жазаланған ғылыми еңбектерін айтысып-тартысып отырып, арашалап алғанын білемін.
Орекең соңына түскендерге «Маманмен сөз таластырудың қажеті жоқ», деп тоқтау айтқан (Адырбекұлы К. Антрополог Оразақ Смағұлұлы // «Түркістан» газеті, 2007, 8 ақпан). Өз. Жәнібек жайында ғұмырнамалық кітап жазып жүрген қаламгер райында айтарым міне, осы!
Орекең Қазақстан тәуелсіздік алған соң ҚР ҰҒА академигі болып сайланды. Шетелде ғылыми жұмыстары бағаланып Италияның Болон ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болды. 12 жеке және ұжымдық монографиялардың авторы, 400 –ден астам мақала, баяндамалардың авторы, бұған қоса Қазақ-Монғол (1991-1993 жж.), Қазақ-Италия (1993-1994 жж.) экспедицияларын басқарған және Индиядағы (1974-1975жж.) антропологиялық зерттеулерге қатысып Индира Гандимен бетпе-бет жүздесіп алғыс есітіп қолын алған жалғыз қазақ, АҚШ, Италия, Индия университеттерінде дәріс оқыған отандастарымыздың бірі, бірегейі. Ол Қазақстан мен Орта Азия аумағында 40-тан аса далалық экспедициялар ұйымдастырып қазақ халқының шығу тегінің 50 ғасырлық тарихы барын ғылыми дәлелдеген асқан (теңдесі жоқ) зерттеуші.
Құрметті Қасым Жомарт Кемелұлы!
Ғалымның 2021 жылы төрт тілде жарық көрген «Қазақ халқы мен оның ата тегіне орай антропологиялық очерктер» атты кітабына Өзіңіз жазған алғысөзде: «Бұл – қазақтың төл тарихын түгендеп, оның Ұлы дала төсіне тым көне заманнан тамыр жайған халық екенін дәлелдейтін еңбек. … Осы еңбек өскелең ұрпаққа халқымыздың қалыптасу кезеңдерін, түпкі тегі мен туыстық жүйесін терең тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұлттың рухын көтеріп, жастарды отаншылдыққа баулуға септігін тигізеді» деп жоғары баға берген едіңіз,
Қазақстан тәуелсіздікке ие болған соң тарих ақтаңдақтарын зерттеу өзекті болды. Кеңестік тоталитарлық жүйе зерттеуге тыйым салған тұлға — Абылай хан. Кеңестік жүйе қыранжүрек ғалым Бейсембай Кенжебайұлының 1941 жылы жарық көрген «Абылайхан» аталатын кітабын шығар-шықпаста өртеп жібергенін бұған дейін жазғанмын. (Қ.Ергөбек. «Сарасөз» 2013 ж. 83-88 беттер.) Тәуелсіздіктен кейін осы негізсіз қаралану ақталуға тиісті еді. Таңдау Абылай ханға түсті. Себебі, Ө. Жәнібеков сөзімен айтқанда: «Абылай – қазақ өз бостандығына өзі ие, егеменді ел болсын деген саясат жүргізген адам» (Жәнібеков Ө. Абылай — алып тұлға // Абылай хан. Кенесары. Алматы: Ғылым.1993. 13 б.).
Дана Абай бірде шәкірті Көкбай ақынды шақыртып алып «Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек … осыны өлең етіп кел» — деген екен. Күндіз-түні тыным алмай жаздым да, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүгірдім. …сәлемімді алмастан: «Абылай келді ме?» -деді … келді дедім. …олай болса «айт» (Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, 1997. 163-164 бб.) – депті.
1995 жылы О. Смағұлұлы бастаған топ Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жаңғырту(реставрация) барысында тарихи ұлы тұлғалардың сүйектері сапырылыстырылып, қабірлер жойылу алдында тұрғанын байқап Түркістанда жерленген Абылайдың бейітінің орнын анықтап зерттеуді қолға алды. Сол уақытқа дейін ғылым үшін Абылай хан бейітінің орны беймәлім болатын.
О. Смағұлұлы бастаған топтың зерттеу жұмыстары 30 жылға созылды. Соның арқасында Абылайға байланысты бұрын-соңды белгісіз болып келген құнды мағлұматтар жиналып анықталды. Абылай ханға тарихи-антропологиялық зерттеуде кәсіби маманданған авторлар ұжымы методологиялық әдіс етіп ең бастысы — тарихи сәйкестік принциптерін негізге алды. Тарихи деректер мен архив материалдарымен және басқа да жазба құжаттарының мағлұматтарымен кең танысып аталмыш адам сүйегіне мейлінше мұқият зерттеулер жүргізіп, антропологиялық бұлжымайтын сәйкестіктерді басшылыққа алды.
Ғылыми жұмысты түсінбегендер, терістегендер болды. Олар антропология мен тарихтан бейхабар, өздері мойындағандай «тарихтан сүрінсем де тілден сүрінбеймін» дейтіндер. Алайда олардың бұл салада дилетант болғанына қарамай оларға тиісті жауаптарын беруге мәжбүр болдық. Ғылыми басылым «Отан тарихы» журналы (2014, №3, с. 21-35) бетінде және 2015 жылы басылған «Қазақ хандығы» атты жинақта (149-177 беттер) айғақтарға негізделген мақалалар жарияланды. Онда осы дилетанттардың Абылай ханға арналған ғылыми жұмысты теріске шығару үшін тарихи фактілерді, деректерді қалай бұрмалағаны көрсетілді.
Зерттеу нәтижелері «Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» атты монографияда, мақалаларда орын алды. Сөзінің дуасы бар Академик М.Қойгелдиев бұл еңбекті тың бағыт деп бағалайды: «Жалпы халқымыздың өткен заман тарихында атақты қоғам қайраткерлерінің тірі кезде бейне жүздері белгісіз болғаны былай тұрсын, олардың жерленген орындары да нақтылы айтылған емес. Бұлардың қатарына Абылай хан мен Әйтеке биді мысалға алуға болады. Қазақ халқы тарихындағы осындай күрделі мәселелерге алғаш рет назар аударған және оларды дәлелді шешуге ғалым ағамыз Оразақтың үлесі зор» — дейді (Қазақтың тұңғыш антропологі // «Егемен Қазақстан» газеті, 2020, 25 қыркүйек).
Аталған зерттеушілердің сараптамалық қорытындылары, оны тексерген арнайы комиссия негізінде 2000 ж. Абылай ханның сүйектерін салтанатты түрде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қайта жерлеу жүзеге асырылды және жаңа зират белгісі орнатылды.
Аталған зерттеушілердің сараптамалық қорытындылары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің шешімімен құрылған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен табылған мәйіттің Абылай хандікі екендігін тексеруге құрылған Комиссия 2000 жылы қорытынды шығарып, мәйіттің Абылай хандыкі екенін анық-қанық дәлелдеп көрсетті (Асқақ рух пен асыл киені қастерлеу // «Егемен Қазақстан» газеті, 2000 ж., 17 наурыз). Осы Комиссия қорытындысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің дәлізінде Абылай ханның сүйектерін салтанатты түрде қайта жерлеу жүзеге асырылды және жаңа зират белгісі орнатылды. (Мавзолей ішіне Мұхтар Құл-Мұхамед мүсіндік ескерткіш орнатты.) Рәсімдік жиынды Мен дайындап, үйлестіргендіктен білемін.
Зерттеудің басты жаңалығын алғашқы пионерлік бағыт деп сипаттауға болады.
1999 ж. жарық көрген бұл монография Қазақ ханының жерленген орнын анықтауға арналған алғашқы зерттеу еңбек. Абылай ханды зерттеу үшін алғаш рет деректерді зерделеудің пәнаралық кешенді әдісі қолданылды, онда жазбаша дереккөздермен қатар авторлар жүргізген арнайы археологиялық және антропологиялық зерттеулердің нәтижелері пайдаланылды. Алғаш рет Абылай ханның физикалық келбеті, жерленген жері туралы белгілі және беймәлім болып келген барлық жазбаша және ауызша тарихи мәліметтер жинақталып, талданды. Монографияда қабірді археологиялық зерттеудің нәтижелері, Абылайдың бас сүйегі мен посткраниалдық скелетін краниологиялық, остеометриялық, остеологиялық зерттеулердің деректері ұсынылған. Бас сүйегінің морфологиясы бойынша пластикалық антропологиялық қалпына келтірудің көмегімен бет пішіндері мен бас пішіндері қалпына келтірілді, ал қаңқасы бойынша Абылайдың дене құрылысының әртүрлі ерекшеліктері, қызметінің түрі, денсаулық мәртебесі, жарақаттары анықталды. Антропологиялық қайта құру бойынша жүргізілген жұмыстардың арқасында М.Герасимовтың зертханасында алғаш рет мүсінші-суретшінің қандай да бір қиялға берілмеген 70 жастағы Абылайдың хақ бейнесі — мүсіндік портреті жасалды. Куәлардан сұрау және жарияланған материалдарды талдау арқылы алғаш рет әртүрлі басылымдарда жарияланып жүрген, 1943 ж. Германияда Абылай «суретінің» қалай салынғаны, яғни оның шығу тегі анықталды. Күні бүгінге дейін бәрімізге белгілі Абылайдың жадымызда жатталған бейнесінің жәй әншейін қиялдан туған көркем туынды екені дәлелденді. «Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» (1999 ж.) — физикалық антропология бойынша ана тілімізде басылған тұңғыш ғылыми кітап. Зерттеуде Абылай ханның жерленген орны мен келбеті туралы қалыптасқан жансақ пікірлер жоққа шығарылды.
Антропологиялық қайта құру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде алғаш рет ғылымда мойындалған Абылай ханның портреті жасалды. Зерттеушілердің ізденісі негізінде жасалған Абылай ханның бейнесі Қазақстан мен Ресейдің академиялық басылымдарында орын алды: «Қазақстан тарихы» Алматы: Атамұра, 2010, 3 т., 249- б.; «История Казахстана» Алматы: Атамұра, 2000, т. 3, с. 249.
Ресей Ғылым Академиясының Этнология және антропология институты «Народы и культуры» атты сериямен «Наука» баспасында шығарған «Казахи» Мәскеу, 2021 (с. 43) атты кітапта О. Смағұлұлы бастаған топтың зерттеуі негізінде жасалған Абылай ханның бейнесінің фотосы берілді. Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне, Алматыдағы Қазақстан Республикасының Орталық музейіне келгендер Абылай хан бейнесін көріп тамашалай алады.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик, З.Е. Кабулдинов авторлардың зерттеулерін ғылыми ашылым деп бағалайды: «Междисциплинарное исследование известных ученых О.Смағұлұлы, М.Қожа, А.Оразаққызы ««Абылай-хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» («Абылай-хан. Историко-антропологическое исследование»), впервые изданное в 1999 году и повторно в 2023 году, посвящено научному открытию авторов – установлению места захоронения останков хана Абылая, идентифицированных по методам физической антропологии» (Кабульдинов З.Е. Абылай хан и Россия. Алматы, 2023. С. 12).
Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі С.А.Арутюнов: «Приведенные Оразаком Исмагуловым реконструкции по историко-культурным периодам Казахстана вполне определенно отражают глубину истоков и этапы становления собственного антропологического облика казахского народа от древности до современности на протяжении пятидесяти веков. Наиболее близкие антропологические черты к современным казахам представлены на антропологических реконструкциях XVII–XVIII вв. … Это внешний облик видных исторических личностей казахского народа – Айтеке би и Абылай хана. По Абылай хану научным деятелем проведено специальное историко-антропологическое исследование с изданием отдельной монографии». Арутюнов С.А. Корифей национальной науки // Материалы Международной научно-практической конференции, посвящённой 90-летию видного антрополога Оразака Исмагулова «Оразак Исмагулов – основоположник антропологической науки Казахстана», Алматы, 2020. С. 45.
Академик М.Қойгелдиев авторлардың монографиясын жоғары бағалады: «Жалпы Абылай ханның нақтылы қабірі Түркістандағы Ахмет Яссауи ғимаратының ішінде болғаны туралы О. Смағұловтың басшылығымен авторлар коллективі 1999 ж. кітап жария еткен болатын. Бұл күнде сол авторлардың қазақша және орысша екі тілде бірдей жаңадан толықтырылып жазылған қолжазбасы 2017 ж. Түркістан қаласында басылып шықты. Бұл жолы барлық Абылай ханға байланысты аңыздар, жазбалар, анықтамалар және архив материалдарымен қатар антропологиялық экспертиза әдістемелеріне сүйеніп жазылғандықтан аталмыш мәселе өте орынды шешілді деп санаймын. Сөйтіп Абылай ханның қабірі аталмыш ғимарат ішінде екендігі және одан алынған адам сүйектеріне берілген антропологиялық зерттеулердің нәтижелері орынды деп айта аламыз. Жүргізілген кешенді зерттеулерден кейін Абылай ханның М.М. Герасимов зертханасында антропологиялық қалпына келтірілген скульптура бюста хан бейнесінің бірден-бір дұрыс сипатталған көрінісі деп айтуға болады (37 сурет). Сөйтіп академик О. Смағұловтың арқасында бүгінгі ұрпақтарға алғаш рет Абылай ханның мәйіті жатқан жері мен оның бейне жүзінің нақтылығына ешқандай күдік тудырмайтын деңгейде ғылыми дәлелі толық расталды деп айтуға мүмкіндік туып отыр». Қойгелдиев М.Қ. Академик Оразақ Смағұлов биыл күз 90 жасқа келеді // Материалы Международной научно-практической конференции, посвящённой 90-летию видного антрополога Оразака Исмагулова «Оразак Исмагулов – основоположник антропологической науки Казахстана»– Алматы, 2020. С.77.
Белгілі ғалым, т.ғ.д. Әзімбай Ғали: «Абылайдың сүйегін зерттеген ғалым-антрополог Оразақ Смағұлов ғылыми түрде, деректер негізінде оның шүбәсіз Абылай хан екенін дәлелдеп берді. Мен өзім оның зерттеу-сараптама қорытындаларымен таныстым. Бұған еш шүбә болмауы тиіс» (Әзімбай Ғали. Ұлт рухын оятқан күн // «Жас Алаш» газеті, 2000 ж., 18 наурыз).
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
О. Смағұлұлы бастаған шынайы ғалымдардың бұл зерттеуі Абылай хан сүйектерінің жаңғырту (реставрация) кезінде жүйесіз алынған басқа мәйіттерге қосылып кетпей жеке көмілуіне негіз болды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің дәлізінде Абылай ханның сүйектерін салтанатты түрде қайта жерлеу жүзеге асырылды және жаңа зират белгісі орнатылды.
Жоғарыда келтірілген ғылыми ортаның пікірлерін ескере отырып Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Қазақстанның Ұлттық музейінің ғылыми кеңестері Оразақ Смағұлұлы, Мұхтар Қожа, Айнагүл Оразаққызы дайындаған «Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» атты ғылыми жұмысты 2025 ж. Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынған болатын. Бұл жұмыс уақытында тіркеліп, түрлі сараптамалардан өтті.
Алайда 2025 ж. 18 маусымында өткен Мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссияның шешімімен Оразақ Смағұлұлы басшылығымен ( шәкірттерімен бірге) жүргізген ғылыми жұмысты – «Абылай хан. Тарихи-антропология зерттеу» атты аса қастерлі шынайы еңбекті сараптамалық келесі кезеңге өткізбей қойды.
2000 жылы барлығы 9 маман, қол қойған, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің шешімімен құрылған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен табылған мәйіттің Абылай хандікі екендігін тексеруге құрылған Комиссия қорытындысының шешімі қате ме? Олардың ішінде 6 атақты ғалымымыз — М.Қозыбаев, А.Қошанов, С.Балмұқанов, С.Зиманов, М.Жұрынов, Р.Бердібаев сияқты мүйіздері қарағайдай академиктеріміз бұл құжатқа жайдан-жай қол қоя салды ма? Олардың пікірі неге еленбейді? Бұл әділдікке жата ма?
Дәл қазір тарих қайталанып жатқан сияқты. Сол баяғы қуғындау, сол баяғы репрессия, бірақ басқа қырынан көрініс тапты. Қазіргі таңда 30 жылға жуық кешенді жүргізілген және нәтижесі айқындалған, ХХІ ғасырдың бірінші ширегінде Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары әбден мойындаған бұл еңбек талқылау — пікір айту мәжесіне жеткізілмей, жасанды кермеге тап болып отыр.
Құрметті Президент!
Көріп отырсыз, жаңалығы дүниежүзі бойынша мойындалған ұлы ғалым Оразақ Смағұлұлы кезекті кермеге тап болып отыр. Оның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жаңалықты еңбегі шағын топтың шешімімен алдағы талқылауға да жіберілмей, жөргегінде тұншықтырылуы өкінішті. Еңбек ең болмаса, кезекті талқылауға жіберіліп, халықтың көз алдында насихатталғаны жөн болар еді. Дүниежүзілік ғылымда мойындалған мұндай еңбектер бізде некен-саяқ. Ілуде біреу! Сондай еңбектің талқылауға жіберілмеуі – шағын топтың әділетсіз шешімі!Мемлекеттік маңызы мол, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған жаңалықты еңбектің бәсекесінің әділетті шешілуіне, еңбектің тиісті бағасын алуына Сіздің араша түсуіңізді өтініп сұраймын.