Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы театрға 95 жыл толды. Бұл атаулы датаны театр қызметкерлері мұрағаттық құжаттардан тапқан. Бастапқыда театр өткен ғасырдың 1934 жылдары құрылды деген болжам бар болатын. Енді мұндай керемет жаңалықтан кейін, 95 жылдық тарихы бар театрдың құрметіне мегаполисте ауқымды мәдени іс-шаралар өтті.
Соның бірі 6-11 қараша аралығында Шымкент қаласында Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі. Екі жылда бір рет өтетін бұл фестиваль еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Фестивальда Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан және Қазақстанның таңдаулы театрлары өнер көрсетті. Фестиваль бағдарламасында спектакльдерді талқылау үшін жетекші театр сыншылары қатысатын дөңгелек үстелдер, сондай-ақ, шетел педагогтары өткізетін театр режиссерлері, актерлері мен менеджерлеріне арналған шеберлік сағаттары өткізілді. Онда театр мамандары Е.Б.Вахтангов атындағы театрдың режиссері, «Алтын масканың» бірнеше дүркін иегері Юрий Бутусовтың, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Айгүл Наремгенованың және театртанушы, Өзбекстан мемлекеттік музыкалық комедия театрының директоры Бури Ганиевтің шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.Сондай-ақ шетелден театр ұжымдары бір апта бойы қала жұртшылығына қойылымдарын ұсынды. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен Шымкент қалалық орыс драма театрының сахналарында С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр», Ш.Айтматовтың «Бетпе-бет», Х.Ниязидің «Сайқымазақтардың ойыны», П.Сейидлидің «Киллерден телеграм», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Ш.Айтматовтың «Лувр үйрегі», Хэменгуэйдің «Шал мен теңіз», А.Навоидің «Ләйлі-Мәжнүн» және А.Гильязованың «Қар астындағы қайнар бұлақ» туындылары қойылды.
Фестивальдың ашылу салтанатында Қазақстанның Еңбек ері, халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов қатысты. Абыз ақсақалдар алдымен Жұмат Шанинның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Қазақстанның театр ардагерлері мен белгілі өнерпаздар, сонымен бірге фестивальге қатысушы Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан мен Әзірбайжан әртістері көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Ашылау салтанатында қала әкім де мәдениет майталмандарына арнайы алғыс айтты.
Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына арналған фестивальді Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова ашып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтауын оқып берді.
«Сіздерді театрдың 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушы Жұмат Шаниннің есімін иеленген өнер ордасының ұлт руханиятын дамытуда алатын орны биік. Ғасырға жуық тарихы бар театр әр жылдары талай сахна саңлағының бағын ашты, бағытын айқындады. Бұл өнер қара шаңырағында халқымыздың біртуар таланттары Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова еңбек еткен. Қазақ драма театры бүгінгі таңда көрерменін сапалы қойылымдармен қуантып, тағылымы мол, талғамы биік туындылар сахналауда», – делінген құттықтау хатта.
Ж.Шанин театры әрқашан өз көрерменін жоғары сапалы қойылымдармен қуантты, классикалық және заманауи қазақ драматургиясының жауһарларын сахналап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келеді. Театр сахнасында көрнекті режиссерлер мен актерлердің есімі танылып, талай жаңа таланттар ашылды. Бұл театрдың қазақ өнері мен мәдениетін дамытудағы рөлі орасан зор.
Салтанатты жиын Ж. Шанин театрының 95 жылдығына арнайы дайындалған бейнефильммен бастау алды.Фестивальдің ашылу салтанатына арнайы қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шығармашылық ұжымға тілегін білдірді.
— Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, 95 жылдық тарихында түрлі кезеңдерді бастан өткерген театр, бүгінде мәдениет саласының маңызды рухани ордасына айналып отыр. Осынау жылдар ішінде еліміздің іргелі рухани орталықтарының бірі ретінде жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тарихи сананы жаңғыртып, өнерді өрге сүйреп келе жатқан бұл театрдың отандық мәдениеттің дамуына қосқан үлесі қомақты деп білемін, — деді қала әкімі.
-Бұған дейін өнер ордасының тарихы 1934 жылдан басталады деп есептелетін еді. Алайда, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төралқасының 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысында «жұмыс істеп тұрған қазақ театрының әлеуетін күшейтуге дереу кірісу» жөнінде нұсқау берілген. Бұл театрдың тарихы 1934 жылдан емес, одан әріден басталатынын көрсетеді. Архивтен Қызылордадағы Қазақ мемлекеттік театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры) саяси ағарту жөніндегі бас комитет мүшелері жиналысының 1927 жылғы 16 қазандағы хаттамасы алынды. Онда сол театрдың директоры Ж.Шанин театр режиссерлерінің тапшы екені жөнінде айта келіп «Қазақстанда режиссер болатын тек Аймауытов қана бар, одан басқа режиссер болатындай ешкім жоқ» деп атап көрсеткен. Ал, Ж.Аймауытов 1926-1929 жылдары аралығында Шымкентте орналасқан Сырдария округтік қазақ педагогикалық техникумында қызмет атқарған. Демек, Ж.Аймауытовтың сол жылдары Шымкентте театр ісін дамытумен айналысқаны анық, – деді Сәрсен Абайұлы.
Сондай-ақ С.Құранбек театр өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан жазушы, драматург 1915 жылы «Біржан – Сара» пьесасын қойып, Біржан рөлін сомдағанын айтып өтті. 1916 жылдан бастап пьеса жаза бастаған. Қазақ мемлекеттік академиялық театры құрылғанда қызметке шақырылған. Бірақ Шымкенттегі жұмысын тастай алмаған. Дегенмен Ж.Аймауытұлы театрдан қол үзген жоқ. Педагогикалық училищенің оқу бағдарламасына пластика, мимика, грим секілді өнер түрлерін үйрететін пәндер енгізді. Сонымен қатар училищеде 6 үйірме болса, соның ішіндегі шоқтығы биігі драма үйірмесі болған. Шымкенттегі қызметі барысында драматург Ж.Аймауытұлының 8-9 пьесасы қойылған екен. Оның ең алғашқысы – «Ел қорғаны» пьесасы. Жазушы училищені басқарып тұрғанда театрдың өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Бұл сол кездің өзінде қалада театрдың болғанын айғақтайды. Осындай деректерді келтіре отыра қала әкімінің орынбасары Шымкенттегі академиялық драма театрдың тарихы 1929 жылдан басталады деп толық сеніммен айта аламыз деген пікірін жеткізді.
Өнер саласында қажырлы еңбек еткен үздіктер Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласының әкімінің алғыс хаттары және құрмет грамоталарымен марапатталды.
Театрдың ашылуы кездейсоқ емес. Алаш қайраткері, драматург және публицист Жүсіпбек Аймауытов Шымкентте драма үйірмесін ашып, кәсіби театр мамандарын оқытып, қазақ ұлттық театрының қалыптасуына елеулі үлес қосқан. Осы театрда Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова сияқты ұлы тұлғалар өнер көрсетті.
- Қазақ болып туғаныма қуанамын. Әсіресе оның өнерін қуғаныма қуанамын. Сахнада жақсы кейіпкерлер жасап, өмірге қайта келгендей боламын. Қазақтың кең байтақ, ұшан теңіз жерімен мақтанамын. Пәс түскен көңілімді таза ауамен жуа аламын. Басыма қандай қайғы-қасірет түссе де, белімді бекем буып, алға қарай жүріп келемін. Бүгінгі ұлы мейраммен баршаңызды құттықтаймын. Бұл күн халқымыз үшін тарихи күн. Сонау, көптеген азаматтарды, біздің ұстаздарымызды, үлкен шеберлерімізді бүгін еске алып жатырмыз. Сол Ж.Шаниннен бастап, 1936 жылы қазақ халқының өнерін бүкіл Ресейге танытып, Күләш Байсейітова, Темірбек Жүргенов сияқты дарынды тұлғалар қазақ өнеріне өшпес із қалдырды. Халықтың деңгейі өнер арқылы өседі. Мұхтар Әуезовше айтқанда: “Мәдениетсіз, әдебиетсіз ел, ел емес”. Ал Дәулеткерейдің айтуы бойынша: “Ас ішіледі, киім тозады, мәңгілікке қалатын тек өнер”. Сондықтан мына Шымкенттің басшыларына рақмет айтамын. Мұндай ауқымды шаралар жиі болуы керек, – деді Асанәлі Әшімов.
– Жұмат Шанин театры осы кезге дейін талай танымал тұлғаларды түлетті. Биыл міне, ғасырға жуық уақыт – 95 жылын тойлап отырмыз. Өнерпаздарымыз халықаралық фестиальдарда талай топ жарып, қоржынын жүлдеге толтырып келді. Бүгін бірнеше елдің театр ұжымдары арнайы келуде. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, – дейді Ж.Шанин театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек.
Жұмат Шанин атындағы театрдың сахнасында жүздеген спектакльдер қойылған. Мұнда тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал көптеген көрнекті актерлер мен режиссерлер өз мансабын бастады. Өнерпаздар классикалық және заманауи қазақ драматургиясының үздік шығармаларын ұсынып, ұлттық құндылықтарын дәріптеп келеді. Биыл труппаны 18 жас актерлар толықтырды. Шығармашылық ұжымда барлығы 88 адам, оның 55-і актерлер.
Ж.Шанин театры әрқашан өз көрерменін жоғары сапалы қойылымдармен қуантып келеді. Классикалық және заманауи қазақ драматургиясының жауһарларын сахналап, ұлттық
құндылықтарды дәріптеуден жоғары көрсеткіштерге ие. Театр сахнасында көрнекті режиссерлер мен актерлердің есімі танылып, талай жаңа таланттар ашылды. Бұл театрдың қазақ өнері мен мәдениетін дамытудағы рөлі орасан зор екенін айғақтайды.
-Театрда өтетін халықаралық фестивальге дайындықты бастап та кеттік. Басты назарды көрерменге тұщымды дүние ұсынуға, театрдың шығармашылық әлеуетін көтеруге бөліп отырмыз. Жақында ғана театрымызға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының драма театр өнері және кино әртісі өнері бөлімінен бір жас таланттар жұмысқа келді. Оларды театрымызға бастап келген Әшім Ахметовпен бірге барлығын баспанамен қамтамасыз етіп, театрымызда қызмет атқаруына барлық мүмкіндікті жасаудамыз, — дейді Ж.Шанин театрының көркемдік жетекшісі Сұлтан Срайлов.
Сондай-ақ, фестиваль аясында ПАРВИЗ СЕЙИДЛИДІҢ «КИЛЛЕРДЕН ТЕЛЕГРАММ» монодрамасы көрсетілді. Спектакльдің қоюшы режиссері – Заур Алиев.
Спектакль — жалданып адам өлтіретін қаныпезердің жер-фәнидегі ең соңғы күні туралы әңгімелейді. Талай кісінің жанын жаһаннамға жіберген Джалил енді солардың артынан өзі де аттанбақ. Себебі ол кезекті тапсырыс бойынша өз ғашығын өлтіруі тиіс. Сондықтан ол ақтық сөзін камераға түсіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ. Бірақ қанішердің дәті бұған бара ма? Көреременнің асқан қызығушылығын оятқан спектакль аншлагпен өтті.
Ж.Шанин театрының 95 жылдығына арналған мерекенің үшінші күні Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» комедиясымен жалғасты. «Ұлпан» шығармасы қазақ халқының отырықшылыққа үйреніп, жаңа мәдениет деңгейіне көтерілуін көрсететін асыл мұра. «Ұлпан» — махаббат, адалдық, ерлік пен даналық. Ұлпанның тағдыры арқылы жазушы қазақ халқының сол дәуірдегі өмірін тереңнен суреттеп, шынайы тарихи және рухани құндылықтарды оқырманға жеткізеді. Қыз бейнесі арқылы бекзат әйел болмысын ғана емес, қайсар рухты қазақ халқының жүріп өткен жолын көрсетеді. 27 жылдан кейін жаңаша форматта сахналанған шығарма театр төлқұжатына айналуда. Шығармадағы кейіпкерлердің образы автордың суреттеуімен шектеліп қалмаған. Ұлпанға жаңа қырынан жан бітірген қойылымның қоюшы режиссері Мәскеудегі Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпеисова. Көршілес елден арнайы шақыртылған маманның ерекше көзқарасына алғашында актерлер қарсы да болған. Басты рөлді сомдаған Толқын Нұрбекованың айтуынша, көрермен көзайымына айналған шығарманы тың форматта сахналау 2 айға жуық уақытты алған. 3,5 сағатқа созылған спектакльде көрермен залы лық толы болды. Қала тұрғындарының театр өнеріне деген қызығушылықтарының арта түсуін, залға сыймай сахна сыртынан тамашалаған халық санының көптігінен байқауға болады.
Фестивальдің қорытындысы мен жабылу салтанаты 11 қарашада «Tulip Hall» мәдениет сарайында өтті. Үздік өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар марапатталды. Үздік туындыларды Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы анықтады.