2024 жылы Шымкенттің өнер мекемелерінде 3 169 іс-шара өткізілген. Бұл туралы Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының 2024 жылғы 6 айдағы жұмысты қортындылаған баспасөз конференциясында айтылды.
Шымкент қаласында кейінгі 6 айда 16 ресми іс-шара өткізіліп, 30 000-ға жуық көрермен қамтылған. Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты өнер мекемелерінде 3 169 іс-шара өткізіліп, 1 652 510 келуші тартылған.
«Жыл басынан бері «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңымен белгіленген мемлекеттік мерекелер: Халықаралық әйелдер күні, Алғыс айту мерекесінен бастап наурыз мейрамының он күндігі және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы, Отан қорғаушы күні, Жеңіс күніне арналған ауқымды іс-шараларымыз тиісті деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. Ал, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қаламыздағы барлық білім беру ұйымдары, шығармашылық үйірмелері өнерпаздарының қатысуымен кең көлемде «Бала-Шым» фестивалі өтті», – деді басқарма басшысы жиын барысында.
Шымкент қаласында мемлекеттік мерекелер ғана емес, кәсіби және атаулы даталар бойынша да іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мысалы, жазушы Момбек Әбдіәкімұлының 65 жылдығы, ақын, сықақшы Шона Смаханұлының 100 жылдығына мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналып «Қарт Қожа» драмасының премьерасы сахналанды.
«Жыл соңына дейін балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция, көрнекті ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойына арналған жыр мүшәйрасы және шығармашылық кешін өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, мәдениет мекемелерінің мерейтойларын атап өтуге бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілуде», – деді Бауыржан Орынтаев.
Шымкентте соңғы 4 жыл көлемінде ақындар айтысы өткізілмеген. Осы орайда, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы республика күні мерекесі қарсаңында республикалық ақындар айтысын ұйымдыстыруды жоспарлаймыз деді.
Жалпы, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 6 театр, 6 кітапхана, 3 орталық, цирк, архив, музей мекемесі, Мәдениет үйі концерттік ұйымы, Шымқала тарихи-мәдени кешені, «Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы» «Шымкент концерт» концерттік ұйымы бар. 2 383 штаттық бірлікті құрайтын барлығы 22 мекеме жұмыс жасайды.