Сенатор Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Соның бірі №6 қалалық емханасы. Емдеу процесінде, азаматтарға сапалы қызмет көрсетуде көші ілгері бірқатар жаңашыл жобаларымен белгілі емхана 2011 жылы бой көтерген. Ал, қазір емханада ақылмандар кеңесі, халық комитеті құрылды, құрамы мен ережелері бекітілді. Оның мақсаты денсаулық сақтау ұйымы мен халық арасында диалог құруға арналған алаң болып табылатын медициналық ұйым жанындағы консультативтік кеңесші орган болып табылады. Денсаулық саласының цифрландыру бойынша, қаңтар айынан бастап ең алғашқы рет емханада GPS навигациясы базасында аймақтық медбикелердің қызмет көрсету аумағына байланысты аула аралау жұмысын қадағалауға арналған бақылау жүйесі енгізілді.
Нәтижесінде емханадағы нәрестелер өлімі көрсеткіші 2023 жылдың 6 айында 6,9 пайызды құраса, 2024 жылдың 6 айлық қорытындысы бойынша 3,4 пайыздық көрсеткішке төмендеді. Озық технологиялы жаңа жобалардың қызметімен танысқан депутат өзге де емханаларға ұсынуды қолдайтынын жеткізді.