Облысымызға белгілі қаламгер, зерттеуші, төл тарихымызды бір кісідей жатқа білетін нар тұлға, әріптесіміз Жұмабек Сейілбекұлы Мұқанов дүниеден өтті.
Жұмабек Мұқанов 1955 жылы Жалаңтөс баһадүрдің қырық жыл әмірлік жасаған Өзбекстанның Самарқанд қаласында дүниеге келген.
Бертін келе Оңтүстік Қазақстанның Шардара қаласында тұрды. Сонда табаны күректей отыз бес жыл аудандық газетте бас редактор болып жұмыс істедім. 1995-1997 жылдары екі жылдай Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінде қызмет істеудің сәті түседі.
2003 жылы Жұмабек Мұқанов Әйтеке би атындағы республикалық қоғамдық қор құруға атсалысады. Оның бастаушысы – Әйтеке бидің тікелей ұрпағы болып келетін кәсіпкер азамат. Сөйтіп, қор құрылған соң Әйтеке бидің басына көптеген ғылыми экспедициялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мұрағаттардан Өзбекстан ғалымдары арқылы Әйтеке биге қатысты деректерді іздестіруге мұрындық болған.
Оның көпшілікке танымал «Әйтеке бидің ақ жолы», «Шағалалы Шардара» атты кітаптардың авторы.
Ұрпақ парызын арқалаған Жұмабек Мұқанов қамшының сабындай қысқа ғұмырында қара бастың қамымен шектелмей, қазақтың жоғын жоқтап, тарихын түгендеген тұлға еді.
Амал нешік сұм ажал ортамыздан алып кетті.
«Айғақ» газеті мен телеарнасының ұжымы зерделі азамат, қазақтың марғасқа ұлы әріптесіміз Жұмабек Мұқановтың өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Марқұмның жаны жәннатта болсын!
Фото: qazaqadebieti.kz