1 шілдеден бастап кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды 14,5 пайызға арттыру көзделген. Әсіресе мүгедектік бойынша төленетін төлемдерді ұлғайту әлеуметтік кодексте кеңінен қаралыпты. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін де жаңалықтар бар. 1 шілдеден бастап тағы не өзгереді бұл туралы Шымкент қаласы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарымбетова толығырақ ақпарат берді.
2020 жылғы қыркүйектегі екінші жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырған болатын. 2023 жылдан бастап қабылданған жаңа құжатта жәрдемақы, атаулы көмек, міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы туралы заңдар қамтылған. Бұл кодекстің басты міндеті — мемлекеттен кім қандай жағдайда нендей көмек ала алатынын нақты бекіту. Еліміздегі барлық қолдау шараларын қайта қарау нәтижесінде біршама қуантарлық өзгерістер енгізіліп отыр. Мәселен, 1 қаңтаран бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Цифрлық карта құжаттармен жасалатын жұмысты жеңілдетіп, 9 түрлі қызмет түрін онлайн алуға мүмкіндік береді.
Ал, бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек алушыларға берілген азық-түлік себеті 1 қаңтардан бастап ақшалай берілуде. 6 жасқа дейінгі әр балаға төленетін қаржы 5175 теңгені құраған. Шымкент қаласы бойынша 5257 азаматқа смс хабарлама жіберіліп, оның ішінде 4673 отбасыға тағайындалған. Одан бөлек, жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіге арналған Еңбек мобильді орталығын ашу жұмыстары осы әлеуметтік кодекс аясында жүзеге аспақ.
Арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін жеңілдету мақсатында жүзеге асқан Әлеуметтік кодекс мүмкіндігі шектеулі жандарғы көп көңіл бөлген. Қаржылай мүмкіндігін арттырып қана қоймай, оларға қарайтын күтуші мамандардың жұмысы да енді ресми түрде болмақ. Немесе ерекше күтімді қажет ететін азаматқа қарап отырған отбасы мүшелеріне де еңбекақы мен әлеуметтік аударымдар төленеді.
Бұған дейін шипажайларға берілетін жолдаманы мемлекет тек мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ғана қаржыландырып берсе, енді онымен бірге баратын қамқоршысының да шығынын, нақтырақ айтсақ 70 пайызын өтеп береді. Бүгінгі күні Шымкент қаласында 39 мың ерекше күтімді қажет ететін жан болса, оның 8 мыңы балалар.