Қазан айының алғашқы мерейлі мерекесі- ұлағатты ұстаздар күні. Осыған байланысты бүгін «Түркістан»сарайында ардақты мамандық иелеріне арналып мерекелік кеш өтті. Салтанатты шараға ұстаздық салада ерен еңбегі бар зейнеткер ұстаздар мен еңбек ардагерлері, жалпы ұстаздар қауымы қатысып, мерекелік қуанышқа бөленді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін, бірақта шәкірттердің әрбір жемісі мен жеңісінен қуат алатын ұлы мамандық иесі атану бір бақыт. Осындай ұлы қасиетке ие ұлағатты ұстаздарды қанша құрметтесекте артықтық етпес. Мұнан өзге ұлы мерекеде өңірімізге еңбегі сіңген бірқатар ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіліп, сый сияпат жасалды. Сондай-ақ, ардақты мамандық иелеріне арнап, әсем әндер де орындалса, мың бұралған бишілер көрерменді қуанышқа бөледі. Өңіріміздің ұстаздары жастарымызды сапалы білім мен саналы тәрбиеге баулуда еңбектері еселей түсті десек болады. Оған дәлел жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада өңіріміз 2 жыл қатарынан 3 орыннан көрінсе, биылғы жылы жүлдегерлер саны артып, республикада І-орыннан көрінген. Сондай-ақ екі бағыт бойынша жалпы 30 оқушы жүлдегер атанып, «Үздік » олимпиадалық мектеп, « Үздік» олимпиадалық команда сынды атақтарға ие болғаны бар. Ең бастысы өңіріміздегі оқушылардың көптеп «Алтын белгі» алуы облысымыздың мерейін асқақтатып отыр.