«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы аясында Ақмола облысына барды, деп хабарлайды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.
Адамзат баласын адамгершілік пен мейірімге, имандылық пен адалдыққа даналық сөздері арқылы шақырып, түркі халықтарының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орнын қалыптастырған ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі шығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауидің туған жері — Сайрам болса, діни тамырын жайған мекені — Түркістан, ал ілімі күллі әлемге таралғаны белгілі. Күні бүгінге дейін Ясауи жолын жалғастырушы шәкірттері мен ұрпақтарының кейбірі белгілі болса, басым бөлігі тарих толқынында ұмыт қалғаны шындық. Ислам, иман, тарих жолындағы шындықтарды көмескі тарттырған аласапыран ғасырлардың қойнауында ұлылардың жолын жалғаған кейбір қадірлі де қасиетті орындар, әулиелі жерлер елеусіз, ескерусіз, аңызға ғана айналды. Соның бірі — Ақмола облысы Есіл ауданына қарасты Свободное елдімекенінің іргесінде орналасқан Хантөбе қорымындағы Зарбап ана қабірі.
Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Көкшетау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері және Есіл ауданы әкімдігі басшылары мен өлкетанушы мамандар және тарихшы, археологтар Хантөбе қорғанына барып, аталған аймақтың тарихи маңызы туралы пікір алмасты.
-Жергілікті халық — Хантөбе, орыстар «Ханская сопка» деп атап кеткен биік қыратты бұрын көнекөз қариялар «Зарбап төбе» деп те атайтын. Қаншама шақырымды алыс-алыс жолдардан зияраттап келіп, құрбандық шалып, құран оқып, төбедегі қабірге ақ шүберек байлаған зияратшылар әлі де есімде. Жасы егде тартқан нағашы әжем де «Жарықтық, әулие ана деп арнайы зиярат жасап қайтушы еді. Зарбап ана жайлы әңгімелерді ертегіше тыңдаушы едік. Қазір оны айтқан қариялардың ешқайсысы жоқ. Аңыздарын тыңдап өскен мен ғана қалыппын. Ел жаңарды, қоғам өзгерді әулиелі орын жайлы түсініктер көмескі тарта бастады. Төбе басында Зарбап ананың айналасындағы тоғыз қабірдің орны ерекше көрінеді. Мүмкін, олар да белгілі тұлғалар, бәлкім ұрпақтары болар. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек Зарбап ана Түркістаннан сегіз жасында келген екен. Кейбір деректерде батырлар алып келген деп те айтылады. Нақтысы белгісіз. Зарбап ананың әулиелік кереметі туралы әңгімелер көп. Әулие ана Хантөбенің үстіне шығып, жылдың қалай өтетіндігі, халықты күткен қуаныштар мен қауіп-қатерлер жайлы болжам айтады екен. Ана өмірден озғанда ел-жұрт жылап-сықтап, аққа арулап Хантөбеге жерлеген екен. Бұрындары қабір үстінде кесене салынған болуы да мүмкін. Қабір маңын кішкене түртсеңіз ақ топырақ шығады. Кейіннен әулиенің маңайына көптеген адамдар жерленіпті»,-дейді Свободное ауылының тұрғыны, шежіреші қария Болат Мұсатаев.
Аңыз-әңгімелерге құлақ түрсек, Зарбап ананың жұбайы Саполат ерте дүние салып, артында Шәйкөз, Баржақсы деген екі ұл қалыпты. Әулие ананың қос ұлы қос рулы елге айналады. Бұл деректі тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев та қолдады.
-«Біз Есіл ауданы сияқты онша аты шыға қоймаған қарапайым әкімшілік бірліктен бір аумақта орналасқан екі бірдей қасиетті атауды кездестірдік. Оның бірі – қазақтың хан әулетіне, яғни қазақтың саяси тарихына қатысты Хантөбе болса, екіншісі — қазақтың қожа әулетіне, яғни Ясауи мұрасы сияқты рухани құндылықтары мен насаб-намасына қатысты Зарбап ана.
Зарбап анаға қатысты деректерді жіктеп көрсек,
біріншіден — «Хан төбе» атауы Қазақ хандығы заманында ұлан –асыр ас өткізіліп хан сайлануына байланысты деген пікірдеміз, яғни төбе басында ақ киізге салып хан көтерілген болуы мүмкін. Мұның бір дәлелі, қазақтың соңғы ханы Кенесарының ақ киізге көтерілген жерінің «Хан төбе» аталып кетуі. Есіл бойындағы Хан төбеде кім хан болып көтерілді, оны анықтау біздің болашақтағы міндетіміз.
Екіншіден, Зарбап ана қасиетті орыны Түркістан аймағының ортағасырлық рухани тарихымен байланысты деген пікірдемін. Зарбап ана Қожа Ахмет Ясауи ұрпағынан қазақ жерінің солтүстік далалық бөлігінде ғажайып із қалдырған тұлға. Бұл тақырыпты бұдан әрі зерттеу ислам дінінің, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи ілімінің қазақ жеріне тарау барысын сарапқа салуға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, Зарбап ана аңызындағы- көннен істелген көнек, жүз құлынды бие, жылқы қуғыншылары, жаугершілік пен қонақжайлық Ұлы дала тұрғындарының ежелгі замандардан, тіпті сонау Ботай мәдениеті пайда болған энеолиттен мұраға алған құндылықтары. Мұны біз этнографияда «жылқы культі құндылықтары» деп атаймыз. Біздің ойымызша Қожа Ахмет Ясауи ұрпағы Зарбап ананың бұл аңызда жылқышылық культімен байланысты болуы терең мағыналы, салмақты зерттеуді қажет ететін құбылыс.
Төртіншіден, Зарбап ана атының өзінде екі түрлі ұғым бар. Оның біріншісі бәрімізге түсінікті «зар» сөзі болса, екіншісі «бап» біз жақын арада жазғандай исламға дейінгі тәңіршілдік дәуірден келе жатқан сөз. Саха тілінің қорында «бап» сөзі Тәңірінің бір аты: «Бап = баф, бах (бапъ таңара) – идолъ, делаемый из гнилого дерева въ честь какого-либо духа, насылающего болезни. «Бап» атауы Отырар алқабындағы Арыстан бапта («Арыстан бапта түне, Әзіреті сұлтаннан тіле»), сонымен бірге мәтелге айналған «Сайрамда-сансыз бап, Түркістанда- түмен бап..» сөздерін ескеруіміз қажет.
Бесіншіден, Зарбап ананың ұлдары Шәйгөз бен Баржақсы Орта жүз құрамына кіретін іргелі алты тайпаның бірі уақтан тарайтын үлкен аталардың атаулары. Оларды күні кеше ғана пайда болып еді деп ешкім айта алмайды. Егер де Зарбап ана аңызындағы Шәйгөз бен Баржақсы уақтың құрамындағы рулар болса, онда бұл тарихтың тамыры ерте замандарға бастайды.
Алтыншыдан, Саполат атауына талдау жасау керек. Менің ойымша бұл жерде әуел баста Саполат атауы Са-Болаттан шыққан деген жорамал жасауға мүмкіндік бар. Мысалы «Едіге» жырындағы Са-Темір сияқты. Са-Болат- не Алтын Орда, не Қазақ дәуіріндегі хандардың бірі болуы ғажап емес»,-дейді Жамбыл Омарұлы.
Тағы бір қызықты дерек, 2016 жылы Көкшетау облыстық әдебиет және өнер музейінде сенсациялық жаңалық орын алды. Музей ашылған жылдары елдің қолында сақталған көне кітаптар мен қолжазбалар қорға алынады. Көкшетауға экспедициямен келген ғалым, тарихшы, аудармашылар музей қорындағы кітаптармен таныса отырып, көп еңбектердің арасынан Қожа Ахмет Ясауидің XVI-XVII ғасырда Бұхар қағазына түсірілген «Диуани Хикмет» кітабының қолжазбасын анықтайды. 2016 жылы көне қолжазбаны филология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахметұлы аударып, музей қорындағы ең құнды мұраның сыры ашылуына мұрындық болған. Ясауи хикметтерінің Көкшетау нұсқасында 59 хикмет бар. Қолжазбаның ескіруіне байланысты біраз хикметтер оқуға келмеген. Әйтсе де 56 хикмет аударылып, жарыққа шыққан. Алайда, қолжазбаның Көкшетау өңіріне келуі жайлы түрлі жорамалдар айтылғанымен ғалымдардың пікірінше Ясауи ілімінің таралуына және ұрпақтары мен шәкірттерінің Ақмола өңіріне қоныс аударуымен байланысуы мүмкін.
Экспедиция барысында Көкшетау облыстық әдебиет және өнер музейі, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Атбасар аудандық тарихи-өлкетану музейлері де таныстырылып, тарихи мағлұматтар жинақталды.
Алдағы уақытта, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Көкшетау облыстық тарихи-өлкетану музейі және Есіл аудандық әкімдігі мен тарихшы-ғалымдар бірлесе отырып, Зарбап анаға қатысты зерттеу жұмыстарын жалғастырмақ.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі