Қазақстандық колледждердің мыңдаған оқытушысы біліктілікті арттыру аясында алғаш рет кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуде. Мұндай жаңашылдықты ҚР Білім және ғылым министрлігі енгізді.
Министрлік колледж оқытушыларының білім беру процесіне енгізіліп жатқан оқыту әдістемелері мен жаңа технологияларды игеруі аудиторияларда емес, салалық кәсіпорындар мен мекемелер базасында өтуі үшін келіссөздер жүргізіп, келісімдерге қол жеткізді. Олардың қатарында «Арселор Миттал» АҚ, «АгромашХолдинг» АҚ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» МАЭК, «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС және басқалары бар.
Яғни, егер бұрын педагогтер біліктілігін теория жүзінде арттырса, ендігі кезекте практикалық білім сапасын арттыруға басымдық беріледі.
Осы жылдың соңына дейін еліміздің түрлі өңірлерінен 5 мыңға жуық колледж оқытушысы ірі кәсіпорындарда оқудан өтеді.











