21 қыркүйек күні Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының азаматтарын 2015 жылдың күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша республикалық семинар өтті. Жиынға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қарулы Күштері Бас Штабы ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің бастығы Бақыт Мұхамеджанов қатысты. Нұсқау беру-әдістемелік сабақтарын өткізу жиынында азаматтарды көктемгі әскерге шақыру жұмыстары қорытындыланып, Отан алдындағы борышын өтеушілерді әскерге күзгі шақыру науқанына дайындығы пысықталды. Бүгінде еліміздің қауіпсіздігі үшін атқарып жатқан еңбектеріне алғыс білдірген облыс әкімі өңірімізден түрлі әскери құрылымдарға, әскери қызметтерге азаматтарды шақыру бойынша ОҚО Республикадағы үштікке енгенін атап өтті. Сондай-ақ, сала мамандарының айтуынша, осы жылдың көктемінде ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскери құрылымдарға Оңтүстіктен 1769 адам шақырылған. Оның ішінде еліміздің Қарулы Күштеріне 386 адам жіберілсе, Шекара Қызметіне 442, Мемлекеттік Күзет Қызметіне 916 және Республикалық Ұланға 25 адам алынған. Семинар барысында, аймақ басшысы ҚР Қорғаныс министрі И.Тасмағанбетовтың алғыс хаты мен ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толуына орай мерекелік медалімен марапатталды. Жиында әскери командаларды уақытылы жасақтау және жергілікті әскери басқару органдарының қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мәселелері мен шақырылушылар контингентін медициналық куәландыруды ұйымдастырудың сапасын жоғарылату жайы да талқыланды.
ЕЛІМІЗ 10 АЙДА 48,4 МЛРД ДОЛЛАРҒА ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКА ТАУАРЫН САТЫП АЛДЫ
Қазақстан электр энергетикасы тауарларын сатып алуда 42,6 пайыз импортқа тәуелді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлім етті. — Біздің...