Бүгін Сайрам ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Құтарыс елді мекенінде орналасқан №30 Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің ата аналары оқу жылы басталмай жиынға шақырылды. Нақтылап айтқанда, көпшілікке түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оған себеп болған – бірқатар ата-аналардың көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмек туралы дұрыс ақпарат алмағандығы. БАҚ-на уәжін білдірген оларға көрсетілетін көмектің заңдылығы мен жолдары нақты түсіндірілді, — деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №1032 қаулысына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы №320 бұйрығына сәйкес, орта білім беру ұйымдарында оқитын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға кепілдік берілген әлеуметтік топтамада мектеп формасы немесе спорттық форма және мектепке қажетті жазу, керек-жарақтарының жиынтығын алып беру қарастырылған.
Осы мақсатта 2021-2022 оқу жылында 1 балаға 27500 теңге көлемінде көмек көрсету көзделген.
Биылғы оқу жылында білім беру ұйымдары конкурс жариялағаннан кейін бөлінген бюджет қаржысы игеріліп, қажетті заттар сатып алынатын болды. Бұл жұмыстарды мектеп есепшілері жүзеге асырады. Қолма-қол ақша тарату жүйесі қаралмаған.
Сондықтан киімге қаралған қаржы нысаналы түрде жаратылады. Яғни, ата-аналардың есебіне аударуға тыйым салынған. Қазіргі таңда заттарды сатып алушы мердігер мекеме анықталып, келісім шарт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оқу жылы басталғанға дейін әлеуметтік көмекте көрсетілген керек-жарақтар тиісті отбасыларға толығымен жеткізілетіні айтылды. Ы. Алтынсарин атындағы бұл мектеп 900 балаға арналған, бүгінде мұнда 803 бала білім алуда. Атап айтсақ, аз қамтылған отбасылардан шыққан 132 бала, көп балалы 72 бала бар. Мектепте жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушылар жоқ.
Жалпыға міндетті қорынан мемлекеттік білім беру мекемелерінің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан 116 оқушы оқиды. Мектептің қамқоршылық кеңесі үй тұрмыстық жағдайына, ата-анасының табысына зерделеу жасап, 9 оқушы киіммен және оқу құралдарымен қамтылсын деп шешім шығарған.
Осы мәселелерді мектептің әлеуметтік педагогы ата-аналарға дер кезінде түсіндірмеген. Сондықтан ата аналар әкімдікке келіп өз уәждерін алға тартқан. Ата-аналармен тығыз байланыста болып, оқу жылының қарсаңында көпшілік білуі тиіс тұстарды ашық айтып, түбегейлі түсіндірме жүргізбеудің салдары көп нәрсеге тежеу болары анық. Бұл мәселені мектеп ата-аналары да білуі міндетті.