Түркістан облысы Полиция Департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков «Даңқ» Орденімен наградталды. Мұндай қуанышты ақпаратты Түркістан облысы ПД ресми өкілі Салтанат Қаракөзова әлеуметтік парақшасында жариялады, — деп хабарлайды aigak.kz тілшісі.
«Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Ішкі істер органдарының қызметкерлері, құқық қорғау қызметі мен күштік құрылымдарының өкілдеріне арнайы әскери атақтар мен мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі өтті. Марапатталғандардың арасында Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков те бар. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚР ІІМ полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың қолынан «Даңқ» орденін салтанатты түрде алды. Түркістан облысының бас полицейі полиция генерал-майоры Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбеков қауіпсіздікті, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі аса маңызды міндетті абыроймен орындай отырып, 2018 жылдың күзінен бастап киелі Түркістан өңірінде жаңадан құрылған Түркістан облысы ПД-ні басқарып келеді. Ол облыстағы қылмыстық ахуалды тұрақтандыру мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қаншама сынға толы оқиғаларда да қиындыққа қарсы тұрып, өзінің жедел әрі оң шешім қабылдай алуының арқасында халық арасында да абырой-беделге ие болып келеді.
Мәселен небары бірнеше жылдың ішінде Түркістан облысының халқы мен облысы полиция департаментінің барлық жеке құрамы үшін түрлі сынақтарды бастан өткізді.
ҚР-ның Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауда жүктеген тапсырмаларын тиянақты орындауда, қызметте кездескен сан түрлі ауыр қылмыстар, мал ұрлықтары, халықты тұзағына түсіріп, алдаған алаяқтардың ұсталуы, облыста қылмыстың азаюы мен аймағымыздың қауіпсіз болуына қатысты жұмыстарды күн тәртібінен түсірмей келеді. Соның аясында Түркістан өңірінде өткен жылы қылмыстық құқықбұзушылық 28%-ға, ал қылмыс саны 30,3%-ға азайды.
2019 жылы маусымда Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыс, 2020 жылы басталған пандемия, Өзбекстандағы су бөгетінің жарылуы және соның нәтижесінде Мақтаарал ауданындағы елді мекендердің су астында қалып, 6000-нан астам тұрғынның баспанасыз болуы, Түркістан қаласында ірі қонақүйде газ цистернасы жарылып, бүкіл ғимаратты шарпыған өрт, міне осындай төтенше жағдайлар мен жайттардың барлығында Түркістан облысы полиция департаментінің жеке құрамы санының аздығына қарамастан қызмет етіп, өздерін кәсіби жағынан көрсетті», — деп жазады Салтанат Қаракөзова фейсбук парақшасында.