Тарихи кезеңдерге толы 2015 жылда ескерусіз қалған тұлғаларды паш ету мақсатында Түлкібас ауданының бір топ азаматтары Жамбыл облысына барып қайтты. Мақсат – Қазақ халқының көрнекті тұлғасы, қайраткер Т. Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың бейітін қайта жаңарту.
Қазақ халқының ұлы перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың Алашқа сіңірген еңбегі расында да ұшан-теңіз. 15 мемлекетті басқарған көсем – Сталиннің орынбасары қызметінде жүргенде де байтақ даладағы елінің жоғын жоқтап, мұңын арқалаған. Шындығында жақсының аты, ғалымның хаты өлмек емес. Қазақ елінің өсіп өркендеуі жолында ұлы істер атқарған Тұрар Рысқұловтың есімі халықтың жадынан мәңгі сақталады. Ұланын ұлықтаған қазақ елінің бір топ азаматтары 2011 жылы Мәскеудегі Тұрар Рысқұлов өмір сүрген үйге ескерткіш тақтайша орнатты. Ел ағаларының қатысуымен өткен шараға «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы да қатысып репортаж дайындаған болатын. Араға екі ай уақыт салып қайраткердің жерленген жері табылғаны туралы қуанышты хабар жетті. «Айғақ» Телерадиокомпаниясының басшысы Дулат Әбіш бастаған делегация Кеңес заманындағы үш арыс – Т. Рысқұлов, С. Қожанов және Н. Төреқұловтар қаза болған Коммунарка зиратына барып, құран бағыштады. Атамекеннен алыста бақилық болған арда азаматтарға туған жердің топырағын бұйыртты. Қазақтан шыққан ұлы тұлғалар жайында құнды материал әзірленді. Алаштың арыстары жайында үнемі тұшымды хабарлар дайындап, көрерменнің көзайымына айналған «Айғақ» телеарнасының ұжымы Мәскеуге жасаған әрбір сапар барысында қайраткерлеріміздің жатқан жеріне арнайы ат басын бұрып, рухына құран бағыштауды ұмытқан емес.
«Әке көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер» дегендей Тұрардың ұлы тұлға болып қалыптасуында әкесі Рысқұлдың тәрбиесі молынан әсер етті десек артық айтқандық емес. Дегенмен Тұрардай біртуар азаматтың әкесі жайлы мағлұматты бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Атамекен қонысы Түлкібастай шұрайлы өлке болған Рысқұлдың бейіті Жамбыл облысына қарасты, Талас ауданындағы Ойық ауылында. Алаштың атпал азаматтарын назардан тыс қалдырмайтын «Айғақ» ұжымы кезекті бір сапар барысында батыр бабаның зиратына табан тіреді. Рысқұлдың бейіті қызыл тілдің жүйрігі Бөлтірік шешен кесенесі маңында орналасқан. Ұлы тұлға Тұрардай алаш ардақтысын өмірге әкелген әке бейітінің басында құран оқылып, тағзым жасалды. Тарихи белестердің кезеңі болған 2015 жылда ескерусіз қалып келе жатқан тұлғаларды паш ету мақсатында аталмыш аймаққа Түлкібас ауданының бір топ азаматтары сапар шекті. Делегация сондай-ақ, көнерген зиратты қайта жаңғыртуды қолға алып, өткен тарихтың елге белгілі дара тумаларын кейінгі ұрпаққа таныстыруды көздейді.
Рысқұл өмірінің соңғы сәттерін Жамбыл облысындағы Талас ауданына қарасты, Ойық ауылында өткізеді. Осы аймақты мекендеген батырдың нағашылары айдаудан қашқан Рысқұлдың соңғы паналаған жері болса керек. Ақтық сапарға аттанған оның бейіті бүгінде Сейілбек аталған елдімекеннің солтүстік-шығысында орналасқан. Көптен бері назардан тыс қалып келе жатқан азаматтың белгісін, атамекендегі ағайыны қайта жаңартуды қолға алып, мәрмар тастан қашалған ескерткіш тақта орнатты. Соңғы дәм-тұзы Талас жерінен бұйырған азаматтың бейітіне Түлкібастық делегаттар туған жердің топырағын да жеткізді.
Рысқұл Жылқайдарұлының туылған жылы 1860 жылы екені нақты белгілі болғанымен, ағайындары қайтыс болған мезгілі осы кезге дейін қате айтылып келген деген пікірде. Яғни, ол бұрынғы шығармаларда айтылып келгендей 1916 жылы емес 1908 жылы бақилық болған дейді. Бар ғұмыры айналасындағы азулы байлармен арпалысумен өткен Рысқұл туған жері Түлкібастан көшіп, Жетісу өлкесіндегі Талғар болысына тұрақтанады. Мұнда да жанын жай тапқызбаған қанаушылардың бірі Талғардың болысы Саймасай Үшкемпіров атып өлтірген ол 1905 жылы Сібірге 10 жылға жер аударылған. Бөлтірік шешендей маржан сөз шеберінің кесенесі орналасқан, Дінмұхамед Қонаевтай асыл азамат дүниеге келген мекен Рысқұл Жылқайдарұлының нағашылары қоныстанған құтты аймақ. Бүгінде оның көзі тірі ұрпақтары батырдың жақындығын мақтан тұтады. «Жұлдыз көпір» кітабында айтылғандай Тұрарға әкесінің қабірін келіп көрсеткен нағашысы Дәуіт атты қария. Алғашында белгі орнатылмаған төмпешікке күмәнмен қараған жиеншарына Дәуіт ақасақал зиратқа көмілген Рысқұлдың қанжарын алып көрсетіп, әкесінің расында да осында жатқанын дәлелдеген екен. Сол кездегі қария Дәуіттің шөбересі Ұзақбай Шаханов осы ауылдың түпкілікті тұрғыны.
Рысқұлдың нағашысы елінде ас беріп, дастарқан жайған Түлкібастық ағайын марқұмның рухына бағыштап құран оқып, бата қайырды. Ендігі аманат Талас еліндегі азаматтарға жүктелмек. Бүгінде Тұрардай асылын ардақтаған ел арыстай азаматты барынша құрмет тұтып қадірлейді. Бір Түлкібас ауданының өзінде 3 бірдей еңселі ескерткіші орналасқан Тұрар Рысқұловтың бейнесі сомдалған мүсін даңғыл жолдың бойында да менмұндалап тұр. Жуырда салтанатты ашылуы болған ескерткішке ат басын тіреген жолаушылар әкеден соң ұлына тағзым жасап, бақилық болған ардақты жандардың аманатын түгескендей болды.
Абдумутали ЖҰМАШ