Қоғамға ой салып, оқырманға бағыт-бағдар беруді көздеген жаңа туынды жарық көрді. Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлының «Ізгілікке бастар жол» атты кітабы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада көпшілікке таныстырылды. Автор еңбектің «Оқитын ұлт» жобасы аясында жазылғанын атап өтті. Негізгі мақсаты – кітапсүйер қауымның рухани танымын кеңейтіп, ұлттық діни сауаттылықты арттыру. Ал кітап мазмұны қоғамда кездесетін түрлі оқиғаларды талдап, оқырманға жөн сілтеуге бағытталған. Бұл еңбек бір күнде дүниеге келген жоқ. Кітапқа автордың жылдар бойы жазған мақалалары мен ой-толғамдары арқау болып, олар жүйеленіп, мазмұндық тұрғыдан толықтырылды. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға қалалық имамдар да үлес қосып келеді. Олар жас буынды рухани дүниелермен сусындатып, тағылымды туындыларды оқуға үндеп жүр.
Кітаптың мазмұнына үңілмес бұрын, жиынға жиналған ел ағалары ақ батасын беріп, игі бастамаға ізгі тілегін арнады. «Батаменен ел көгерер» деген тәмсілді ту еткен ақсақалдар жаңа еңбектің оқырманға пайдасы тиіп, ұрпақ тәрбиесіне қызмет етуіне ниет білдірді. Басқосуда жаңа туындының қоғамдағы орны мен рухани мәні кеңінен сөз болды. Кітапта қамтылған тақырыптар күнделікті өмірде кездесетін өзекті мәселелермен сабақтас. Бұл ретте ғылыми-әмбебап кітапхана басшысы да еңбектің мазмұнына тоқталып, кітаптың оқырманға ой салар тұстарына назар аударды. Кітаптың жазылу барысына қанық әрі редакциялау жұмысына атсалысқан автордың көмекшісі де өз пікірін білдірді. Ол еңбектің қоғамдағы маңызына тоқталып, кітап оқу мәдениетінің әлемдік деңгейдегі көрсеткіштеріне салыстырмалы талдау жасады. Оның айтуынша, оқу дағдысын қалыптастыру – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды үдеріс.«Ізгілікке бастар жол» – оқырманды жақсылыққа үндеп қана қоймай, қоғамдағы түрлі құбылысқа ой көзімен қарауға шақыратын еңбек. Автордың пайым-парасаты мен өмірлік тәжірибесі тоғысқан туынды енді көпшілікке жол тартты. Кітаптың басты мұраты – ізгілікке бастайтын білім мен парасатты насихаттау.