Бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Әсіресе қыс мезгілінде газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау қауіпті. Шымкентте айтып келмес апаттың алдын алу үшін төтеншеліктер түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғын үйлерге газ иісін анықтайтын құрылғылар орнатылды.Мамандардың айтуынша, жылыту маусымында жиі кездесетін қауіптің бірі – улы газдан улану. Оның иісі мен түсі болмағандықтан, адам қауіпті дер кезінде байқамауы мүмкін. Сондықтан үйге газосигнализатор орнату – сақтықтың маңызды шарасы. Құрылғы ауадағы қауіпті газ мөлшері артқан жағдайда тұрғындарға белгі береді.
Түсіндірме жұмыстары барысында Қанат Берденов те қауіптің алдын алуда мұндай құрылғылардың маңызына тоқталды. Оның сөзінше, газдан улану мен өрт оқиғаларына жол бермеу үшін тұрғындар қауіпсіздік талаптарын сақтап, тұрмыстық газ жабдықтарының жарамдылығын үнемі тексеріп отыруы қажет.Үндеу және орнату жұмыстары Тассай шағын ауданындағы тұрғын үйлерді аралаудан басталды. Мамандар жұртшылыққа қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, арнайы жаднамалар таратты. Сонымен қатар төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері үй-жайларға газосигнализатор құрылғыларын орнатты.
Қыс мезгілінде қауіпсіздікке салғырт қарау орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін. Сондықтан мамандар пеш пен газ жабдықтарын қараусыз қалдырмауға, үй-жайды жиі желдетуге және түтін мұржаларын уақытылы тазалауға кеңес береді. Ең бастысы, төтенше жағдайдың алдын алу әр тұрғынның өз үйіндегі сақтықтан басталады.