Қазақ тілінің көсегесін көгертіп, қолданыс аясын кеңейту, елдік мұраттың бірі. Осы жолда Шымкент қаласындағы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының филиалына жаңа төраға тағайындалды. Бұл міндет М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ректоры Мұхтар Төлегенге жүктелді. Салтанатты рәсімге Рауан Кенжеханұлы қатысып, алдағы межелерді айқындады.Қоғамдық бірлестік президенті жаңа қызметтің қолдау негізінде атқарылатынын, яғни материалдық пайда көздейтін орын емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, төрағалыққа тіл тағдырына бейжай қарамайтын, елдік іске шын ықыласымен үлес қосуға ниетті азаматтар таңдалады. Сондай-ақ ол республика көлемінде қазақ тілінің әлеуетін арттыру бағытында қолға алынған жаңашыл бастамаларға тоқталды.
Жаңа міндетті атқарушы Мұхтар Төлеген де сөз алып, өзіне артылған сенімге ризашылығын білдірді. Ол қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, абыройын асқақтатуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Бұл бағытта білім ордасының мүмкіндіктерін де тиімді пайдалануға ниетті екенін аңғартты.Басқосуда Рауан Кенжеханұлы университет ұжымымен де ынтымақтаса жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Өйткені тілдің өрісі тек күнделікті қолданыспен шектелмеуі керек. Оны ғылымның тіліне айналдырып, халықаралық кеңістікке шығару – қоғамның алға қойған мұраты. Ал бұл жолда білім мен ғылым ордаларының алар орны айрықша.