Шымкенттен Парижге жол ашылды! Бүгін мегаполисте Шенген визасын рәсімдейтін орталық ресми түрде іске қосылды. Бұл бастама қала әкімдігі мен Франция елшілігі арасында бекітілген арнайы «Жол картасы» аясында жүзеге асып отыр. Енді жұртшылыққа құжат тапсыру үшін Астана мен Алматыға сабылудың қажеті жоқ.
Еуропа елдеріне саяхаттауды жоспарлаған оңтүстік өңір тұрғындары үшін бұл — жағымды жаңалық. Бұған дейін жұртшылық виза алу үшін Астана мен Алматыға баруға мәжбүр болып, артық уақыт пен қаржы жұмсайтын еді. Осы мәселеге орай Шымкент қаласы әкімдігі мен Франция елшілігі арасында келісімшартқа қол қойылды. Айта кетейік, бұл қадам екі жақты туристік байланысты одан әрі нығайта түспек.
Жаңа орталықтың ашылуы тек шымкенттіктерге ғана емес, көршілес Түркістан мен Қызылорда облыстарының халқы үшін де үлкен жеңілдік болып отыр. Енді тұрғындар еш кедергісіз әрі тиімді бағамен құжат тапсыра алады.
Осылайша, үшінші мегаполистің халықаралық байланыс аясы кеңейіп келеді. Жаңа виза орталығы азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, өңірдің туристік және іскерлік әлеуетін арттыруға тың серпін бермек.