Шымкент пен Ресейдің Пермь қаласы арасындағы байланыс жаңа кезеңге қадам басты. Көрші елден келген делегация шаһардың туристік әлеуетімен танысып қана қоймай, қаланы көгалдандыру жұмысына да атсалысты. Қонақтар Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябаққа ағаш көшеттерін отырғызды. Пермь қаласынан келген делегацияның сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Кездесу барысында қалалар арасында бауырластық қарым-қатынас орнату жөніндегі келісімге қол қойылды. Сондай-ақ қонақтарға Шымкенттің туристік мүмкіндіктері таныстырылды.
Ресейлік меймандар дендрологиялық саябаққа арнайы барып, «Марвин» кітапханасының жұмысымен танысты. Бұдан соң жасыл желекті көбейту бастамасына қосылып, ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша, шаһардың жасыл желегін көбейтуге өз үлестерін қосты. Шымкентке келетін туристер саны да жыл сайын артып келеді. Бүгінде шаһарға жылына жарты миллионға жуық саяхатшы табан тірейді. Ал халықаралық ынтымақтастықты нығайту қаланың туристік әлеуетін одан әрі танытуға жол ашады.


