Шымкентте айтыскер ақын, сазгер Нұрлан Есенқұловтың «Әке үміті» атты мерейтойлық шығармашылық кеші өтті. Өлең мен әнді қатар өрген өнер иесі бұл кеште көрерменге жүрекке жеткен жырлары мен әуезді әндерін ұсынды. Сахна төрінде ақынның жаңа туындылары да шырқалып, шығармашылық жолындағы маңызды белестер сараланды. Қыз бен жігіт айтысының дәстүрін жаңғыртып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Нұрлан Есенқұлов бұл жолғы мерейтойлық кешін «Әке үміті» деп атаған. Өнер иесі осылайша шығармашылық жолындағы жетістіктерін саралап қана қоймай, көрерменге жүрекжарды туындыларын ұсынды.
Кешке жиналған көрерменнің қарасы қалың. Сахна төрінде ақын авторлық шығармаларын орындап, суырыпсалма өнерінің қырын да көрсетті. Әзіл мен тапқырлыққа құрылған сөз қағыстырулар кештің көркін қыздырып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ақынның қаламынан туған жаңа әндер де көпшілікке жол тартты. Қазақ эстрадасының белгілі әншілері орындаған туындылар кештің мазмұнын байытып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әуезді ән мен әдемі әуен үндескен сәттер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кештің тағы бір ерекшелігі – Нұрлан Есенқұловтың поэзиясына арналған сахналық қойылым. Жастар театрының актерлері ақын өлеңдерін негізге алып, арнайы композициялық көрініс ұсынды. Өнер мен поэзия тоғысқан қойылым көрерменге ақын шығармашылығын өзгеше қырынан танытты.


