Ұлттық киім – халықтың тарихы мен болмысын бейнелейтін баға жетпес мұра. Шымкентте Мажарстанның «Матьо – мажар халқының ұлттық киімдері» атты көрмесі ашылды. Көрмеге келген жұртшылық Мажар халықының бай мәдениетімен, ұлттық киімдерімен және көне бұйымдарымен танысты.
Мәдени шараға Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулы Саболч Карой Сёке қатысты. Көрменің ашылуында ол қазақ пен мажар халқының салт-дәстүрі мен мәдениетінде ортақ тұстар бар екенін атап өтті.
Сондай-ақ мұндай кездесулер екі ел арасындағы достық байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Матьо» – мажар халқының ұлттық мәдениетін айшықтайтын мұралардың бірі. Ондағы әрбір ою-өрнек пен кесте халықтың талғамы мен дәстүрінен сыр шертеді. Көрменің басты мақсаты – осы мәдени құндылықтарды шымкенттіктерге таныстырып, халықтар арасындағы рухани байланысты арттыру. Айта кетейік, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени ынтымақтастық осындай ортақ жобалар арқылы жалғасын табуда. Ұлттық мұраны ұлықтаған көрме қос халықтың бір-бірінің тарихы мен дәстүріне деген қызығушылығын арттыруға жол ашады.


