Шахарда ана мен бала денсаулығын сақтауға арналған жаңа медициналық кешен бой көтеріп келеді. Ақжайық шағын ауданында салынып жатқан 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды. Ауқымды нысанның бүгінгі тыныс-тіршілігімен әріптесім танысып қайтты. Жаңа нысанның іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңі басталып кеткен. Құрылыс басқармасы өкілінің айтуынша, жобаға қомақты қаржы қарастырылған. Бүгінде мердігер мекеме белгіленген межеге сай жұмыс жүргізіп, нысанды 2027 жылдың күз мезгілінің бірінде пайдалануға беруді көздеп отыр.
Құрылысшылардың негізгі қарекеті қазір ғимараттың қаңқасын тұрғызуға бағытталған. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін негізгі конструкциялық жұмыстар тәмамдалмақ. Ал келер жылы сыртқы қаптау мен ішкі әрлеу жұмыстарына кезек беріледі. Мұндай ауқымды медициналық кешеннің құрылысында сапаға селкеу түспеуі тиіс. Сондықтан әрбір бөлшек жіті бақылауда. Мамандардың айтуынша, қабырғадағы артық саңылаудан бастап, инженерлік жүйелердің орналасуына дейін талап қатаң. Өйткені болашақта мұнда ана мен сәбидің өмірі үшін маңызды жағдай жасалуы керек.
Үш қабатты ғимарат 12 блоктан тұрады. Алайда бұлар жай ғана құрылыс бөліктері емес. Әрқайсысының өзіндік міндеті мен атқарар қызметі бар. Мұнда босандыру, нәрестелерге күтім жасау және күрделі медициналық көмек көрсетуге арналған бөлімдер шоғырланады. Яғни әр блок біртұтас медициналық кешеннің маңызды тетігіне айналмақ. Жалпы аумағы 38 мың шаршы метрді құрайтын орталықтың құрылысы аяқталса, Шымкентпен қатар іргелес аудандардың тұрғындары да оның игілігін көрмек. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылатын медициналық кешен ана мен балаға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттырып, өңірдегі денсаулық сақтау саласының әлеуетін еселей түспек.