Табиғи апаттың да, техногендік қатердің де қашан және қай жерде орын алатынын болжау оңай емес. Алайда алдын ала қамдану арқылы оның зардабын азайтуға болады. Осы мәселе Шымкентте өткен ТМД елдерінің Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің XXXVIII отырысында кеңінен талқыланды. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов саладағы басымдық енді төтенше жағдайдың салдарын жоюмен шектелмей, қауіптің алдын алуға бағытталуы керектігін айтты. Сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді.
Қауіп-қатердің алдын алу үшін онымен күресетін мамандардың біліктілігі де бекем болуы шарт. Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрі мемлекетаралық әріптестіктің осы тұсына айрықша тоқталды. Оның сөзінше, құтқарушыларды даярлау, жедел ақпарат алмасу және бірлескен оқу-жаттығулар өткізу – ортақ қауіпсіздікті нығайтудың негізгі тетіктері.
Ресей тарапы басқосудың қорытындысына оң бағасын берді. Александр Куренковтың айтуынша, отырыста қабылданған шешімдер азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей ықпал етеді. Жиында 2026–2027 жылдарға арналған негізгі іс-шаралар жоспары мен мемлекетаралық жедел хабарлау жүйесін бақылау кестесі бекітілді. Сондай-ақ министр өрт-құтқару спорты бойынша ортақ жарыс өткізу бастамасын қолдап, мұндай бәсекенің мамандар тәжірибесін шыңдауға сеп болатынын атап өтті.
Бір елдің басына түскен нәубет екінші мемлекетке де салқынын тигізуі мүмкін. Сондықтан мұндайда шекараға қарап бөгелмей, жұмыла әрекет ету – заман талабы. Шымкентте бас қосқан ТМД елдерінің құтқару тобы ортақ қауіпке қарсы тұрудың жаңа тетіктерін талқылап, алдағы жұмыс бағыттарын айқындады. Көзделген мақсат – тілсіз жаудың алдын алып қана қоймай, қандай сын сағатта да адам өмірін арашалауға әзір болу.