Республикалық байқауда шымкенттік ұстаз топ жарды! Заманауи технологиялар отандық білім беру жүйесін де жаңа деңгейге көтерілуде. Дәлірек айтсақ Алтынай Өмірбаева білім бәсекесінде цифрлық модельдеу құзыреттілігі бойынша бақ сынап,кәсіби шеберлігін шыңдады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің республикалық кәсіби шеберлік конкурсы Ақтау қаласында өтті. Еліміздің 7 аймағынан жиналған үздік мамандар бақ сынасқан бұл додада Шымкент жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің оқытушысы жеңіске жеткен. Ол «Цифрлық модельдеу» құзыреттілігі бойынша ең жоғары нәтиже көрсетіп, байқаудың алтын медалін иеленген.
«Цифрлық модельдеу» — бүгінгі жеңіл өнеркәсіптің жүрегі. Енді киім мен бұйымдарды дәстүрлі қағазға емес, арнайы 3D бағдарлама арқылы компьютерде модельдеу уақытты үнемдеп, сапаны арттырмақ. Өзі меңгерген осы заманауи цифрлық технологиямен күнделікті дәрісте шәкірттерімді машықтандырып келемін дейді оқытушы. Республикалық додада топ жарған Шымкенттік ұстаз мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта отандық жеңіл өнеркәсіп саласын цифрландыру бағытында жаңа жобаларды қолға алуды жоспарлап отыр. Ең бастысы — заманауи технологияны терең меңгерген сапалы мамандар тәрбиелеу.
Білікті ұстаздың бұл жеңісі – табанды еңбектің, үздіксіз ізденістің және өз мамандығына деген адалдықтың жемісі.Кәсіби шеберлігімен дараланып, білім саласында биік белестерді бағындырып жүрген оқытушының жетістігі – жас мамандарға үлгі болмақ.


