Мемлекет басшысының кезекті жолдауында айқындалған басымдықтарды халыққа жеткізу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Шымкентке арнайы табан тіреді. Сапар аясында ол әуелі этнос өкілдерімен жүздесіп, кейін белсенді жастармен және болашақ мамандармен кездесті. Басқосуларда ел дамуының өзекті бағыттары сөз болды. Алғашқы кезекте халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесіне тоқталып, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақысы төмен азаматтардың жалақысын көтеруге қатысты жоспарлардан хабардар етті.
Вице-министр әлеуметтік көмекті үлестірудегі олқылықтарға да тоқталды. Оның айтуынша, бұған дейін мемлекеттен берілетін жәрдемақылар мен түрлі төлемдерді тағайындау кезінде әділетсіздікке жол берілген тұстар аз емес. Кейбір азаматтар қолдауға шын мұқтаж болса, енді біреулер заңдағы мүмкіндіктерді өз пайдасына жаратып келген. Мұндай қайшылықтар әлеуметтік әділдік қағидатына қайшы. Сондықтан көмек көрсету тетіктерін жетілдіру – күн тәртібіндегі ділгір мәселенің бірі.
Әсіресе, қоғамда қызу талқыға түскен әлеуметтік көмекті есептеу тетігіне қатысты түсінік берді. Жұртшылық арасында кіріс пен шығыс көрсеткіштері ескерілген жағдайда шын мұқтаж отбасылардың жәрдемақыдан қағылуы мүмкін деген алаң бар. Алайда вице-министрдің сөзінше, әлеуметтік қолдаудан қағу үшін бір ғана көрсеткіш негізге алынбайды. Азаматтың тұрмыстық ахуалы бірнеше өлшем бойынша сараланады. Демек, шын мәнінде көмекке зәру жандардың алаңдауына негіз жоқ.
Мемлекеттік қолдауды тұрақты табыс көзіне айналдырып алғандар да назардан тыс қалмады. Вице-министр еңбекке қабілетті бола тұра, жұмыс істеуге құлықсыз азаматтардың бар екенін жасырмады. Мұндай жағдайға тосқауыл қоюда жұмыспен қамту орталықтарының міндеті зор. Олар азаматтарды лайықты жұмысқа бағыттап, кәсіп игеруге және табыс табуға жәрдемдесуі тиіс. Өйткені әлеуметтік саясаттың түпкі мұраты – масылдықты көбейту емес, еңбекке ынталандыру.
Кәсіпкерлікті қолдау жайын Ұлттық экономика министрлігі Арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы тарқатты. Ол шағын және орта бизнестің тынысын кеңейту үшін бұрын енгізілген мораторий тәжірибесіне тоқталды. Кәсіпкерлерді негізсіз тексеруден қорғау бизнестің өрісін кеңейтуге қаншалықты ықпал еткені де сөз болды. Дегенмен мұндай шаралардың тиімділігі жан-жақты зерделеніп, алдағы шешімдер нақты талдау негізінде қабылданатыны айтылды. Елдік мүдде мен қоғамдық бастамалардың сабақтастығы да назардан тыс қалмады. Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жолдаудағы халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қағидатына тоқталып, қалада атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етті. Оның айтуынша, тұрғындардың ұсыныс-пікірін ескеру, қоғамдық бақылауды күшейту және шаһардың тыныс-тіршілігіне азаматтарды кеңінен тарту – ортақ жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды тетіктер.
Жолдаудағы басым бағыттарды түсіндіру жұмыстарының жалғасы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өрбіді. Мұнда студент жастармен өткен жүздесуде елдегі саяси-экономикалық жаңғырулар, әлеуметтік қолдау мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері кеңінен қозғалды. Білім қуған өрендер де көкейдегі сауалдарын ортаға салып, өз ой-пікірлерін білдірді. Осылайша, Жолдаудағы міндеттерді жастар санасына сіңірумен қатар, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға да мән берілді.
Түйіндей айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауы – алдағы кезеңнің бағдарын айқындайтын маңызды құжат. Ондағы міндеттерді жұртшылыққа жеткізу, мазмұнын кеңінен түсіндіру және ел ішінде қолдау табуына ықпал ету – ортақ міндет. Ал көтерілген мәселелердің нақты іске айналуы мемлекеттік органдардың жауапкершілігімен қатар, қоғамның да белсенділігіне байланысты. Өйткені ел ертеңі – бүгінгі қабылданған шешімдер мен жасалған қарекеттің нәтижесі.