Шымкентте халық санының өсуі мен мегаполистің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына байланысты қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды баспанамен қамту және қоғамдық көлік қызметін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Білім мен денсаулық сақтау саласынан бастап жол, жарықтандыру, қоғамдық көлік, тұрғын үй және туризмге дейінгі бағыттарда қолға алынған жобалар қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Мегаполис мәртебесіне ие болған Шымкент үшін басты міндеттердің бірі – қаланың қарқынды дамуын халықтың күнделікті қажеттілігімен үйлестіру. Тұрғындар саны артқан сайын мектеп, балабақша, аурухана, тұрғын үй, жол және қоғамдық көлікке деген сұраныс та көбейеді. Сондықтан бүгінгі таңда қала дамуының негізгі бағыты – тек жаңа нысандар салу емес, халыққа қажетті инфрақұрылымды алдын ала қалыптастыру және қолданыстағы жүйелердің қуатын арттыру.
Қаладағы демографиялық өсім ең алдымен білім беру саласына түсетін жүктемеден байқалады. Биыл Шымкент мектептерінің 1-сыныбына 29 495 оқушы қабылданды.
Жаңа оқу жылына дайындық аясында 7 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізілді. Оның ішінде 6 мектеп пен 1 балабақша бар.
Жөндеу барысында ғимараттардың ішкі және сыртқы бөлігі жаңартылып, шатыр, су құбыры, кәріз, электр желілері мен жарықтандыру жүйелері ретке келтірілді. Қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында автоматты өрт дабылы орнатылып, нысандардың аулалары абаттандырылды.
Сонымен қатар мектептердегі орын тапшылығын азайту мақсатында 7 білім ошағында қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізілуде. Бірқатар нысан пайдалануға берілсе, қалғандарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Білім беру инфрақұрылымын кеңейту – тек бүгінгі оқушы үшін емес, қаланың ертеңгі әлеуеті үшін жасалған маңызды қадам.
Мегаполистің экономикалық дамуы білікті кадрға деген сұранысты арттырады. Осыған байланысты кәсіптік білім беру жүйесіне де ерекше мән берілуде.
Биыл Шымкенттегі 28 колледжге 70 мамандық бойынша 6 мың мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Оның 3 521-і орта буын мамандарын, 120-сы қолданбалы бакалавриат, 2 359-ы білікті жұмысшы кадрларды даярлауға бағытталған.
Бұл – еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің байланысын күшейтуге бағытталған маңызды тетік. Яғни жас маманның алған білімі нақты жұмыс орнына деген сұраныспен ұштасуы көзделіп отыр.
Қала экономикасының дамуы халықтың жұмыспен қамтылуымен тікелей байланысты. 2026 жылы Шымкентте жұмыспен қамту шараларына 31 398 адамды тарту жоспарланған. Қазіргі таңда оның 25 390-ы, яғни 81 пайызы қамтылған. Оның ішінде 15 519 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Еңбек күніне орай 22 қыркүйекте «Көрме» орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Оған 100-ге жуық жұмыс беруші қатысады деп жоспарланған.
Жәрмеңкеде жұмыс іздеушілерге бос орындар ұсынылып қана қоймай, 2025 жылы қайтарымсыз грант алған азаматтардың өз өнімдерін таныстыруына мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында басқа облыстардан келген делегациялар қала тұрғындарына өңіраралық жұмыспен қамту мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпарат береді.
Қалада туристік әлеуетті таныту, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында гастрономиялық туризмге де басымдық беріліп келеді.
26 қыркүйекте «Этно ауыл» кешенінде «Street Food Fest» көше тағамдары фестивалін өткізу жоспарланған. Оған 50-ге жуық қоғамдық тамақтану орны мен street food өкілі қатысады.
Гастрономиялық жәрмеңке, интерактивті және ойын-сауық шаралары ұйымдастырылатын фестивальге 2 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағын қамту көзделген.
Іс-шараның тағы бір ерекшелігі – Қазақстанның рекордтар кітабы – КиНЭС-ке енгізу мақсатында ең үлкен хот-дог дайындау бойынша рекорд орнату жоспарланып отыр.
Мұндай жобалар қаланың туристік тартымдылығын арттырумен бірге жергілікті кәсіпкерлерге өз өнімдерін танытуға мүмкіндік береді.
Халық санының өсуі әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті де арттырады. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Ақжайық тұрғын алабында салынып жатқан 200 орындық жаңа перинаталдық орталық.
Жаңа нысан ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Орталықта жүкті әйелдер патологиясы, ана мен баланың бірге болу бөлімдері, жоғары тәуекел тобындағы және арнайы күтімді қажет ететін нәрестелерге арналған бөлімдер, жансақтау және қарқынды терапия орындары қарастырылған.
Сонымен бірге неонаталдық хирургия, заманауи зертханалық диагностика, генетика және медициналық оңалту бағыттарын дамытуға мүмкіндік жасалады.
Қазір қалада жыл сайын 30 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Сондықтан жаңа перинаталдық орталықтың іске қосылуы қолданыстағы медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені азайтып, ана мен балаға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мегаполистің дамуын көлік инфрақұрылымынсыз елестету мүмкін емес. Соңғы үш жылда Шымкентте 1 500 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделген.
Екі ірі жолайрық пайдалануға беріліп, Момынов көшесіндегі теміржол өткелі іске қосылды. Қонаев даңғылы мен А-2 транзиттік айналма жолын реконструкциялау жобалары аяқталу кезеңінде.
Ы.Алтынсарин көшесінің 2 шақырымдық учаскесі реконструкцияланып, жол 2 жолақтыдан 4 жолақты қозғалысқа бейімделді. Шұбаркөл көшесінің 1 шақырымдық учаскесінде негізгі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Бәйдібек би – Төлеметов көшелері қиылысындағы жолайрық пен Тұрар Рысқұлов көшесінің жекелеген бөлігіндегі жұмыстар жалғасуда.
Қаладағы көше жарықтандыру жүйесі де кеңейтілді. Соңғы үш жылда 4 686 көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылып, негізгі көшелердің жарықтандырылу деңгейі 100 пайызға жеткізілді.
Бүгінде Шымкентте 83 әлеуметтік маңызы бар автобус маршруты жұмыс істейді. 14 тасымалдаушы компанияның 988 автобусы күн сайын тұрғындарға қызмет көрсетеді.
2026 жылдың сегіз айында қоғамдық көлікпен 75,2 млн жолаушы тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,5 пайызға жоғары.
Тұрғындардың өтініштері негізінде бірқатар маршруттардың қозғалыс бағыты ұзартылып, кей бағыттарға қосымша автобустар шығарылды.
Автобус паркін жаңарту да жалғасуда. Биыл 63 автобус жаңартылып, жыл соңына дейін тағы 200-ге жуық автобусты жаңарту жоспарланған.
Сонымен бірге жолаушылардың жол ақысын төлеу тәртібіне бақылау күшейтілген. Жыл басынан бері жолақысын төлемеген немесе көлік картасын валидаторға тіркемеген 9 416 жолаушы анықталып, 81,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды көрсеткіштерінің бірі – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету.
2026 жылдың соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7 386 пәтер беру жоспарланған. Оның 2 818-і жалдамалы, 4 568-і несиелік бағытта ұсынылады.
Бүгінде жоспарланған тұрғын үйдің 3 699 пәтері азаматтарға табысталған. Жыл соңына дейін тағы 3 687 пәтер беру көзделіп отыр.
Қаладағы ескі тұрғын үй қорын жаңарту мақсатында реновация бағдарламасы да жүзеге асуда. 2030 жылға дейін 66 үйдегі 604 пәтерді жаңарту жоспарланған.
2024–2026 жылдары бағдарлама аясында 17 үйдегі 172 пәтер тұрғындарға берілді. Биыл жылдың соңына дейін тағы 8 үйдің тұрғындарын жаңа пәтерлерге көшіру жоспарлануда.
Шымкенттің бүгінгі тынысынан бір нәрсе анық байқалады: мегаполис өскен сайын оның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымына қойылатын талап та артып келеді.
Мектептегі оқушы орны, балабақшадағы орын, ауруханадағы төсек, жаңа тұрғын үй, сапалы жол, жарық көше, қолжетімді қоғамдық көлік, тұрақты жұмыс пен кәсіпкерлікке мүмкіндік – мұның барлығы қала тұрғынының күнделікті өмірімен тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалаларды дамытуда инфрақұрылымды жаңғырту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, жұмыспен қамтуды күшейту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін үнемі атап келеді.
Осы міндеттер Шымкенттің даму күн тәртібімен де сабақтас. Қаланың жаңа келбеті тек сәулетті ғимараттармен емес, тұрғынға жасалған жағдаймен өлшенеді.
Алдағы кезеңде бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуы Шымкенттің заманауи, жайлы әрі өмір сүруге қолайлы мегаполис ретінде орнығуына мүмкіндік береді.
Өйткені қаланың шынайы дамуы – жаңа жолдың салынуымен ғана емес, сол жолмен тұрғынның үйіне қауіпсіз жетуімен; жаңа мектептің ашылуымен ғана емес, баланың сапалы білім алуымен; жаңа тұрғын үйдің бой көтеруімен ғана емес, отбасының өз баспанасына ие болуымен бағаланады. Шымкенттің бүгінгі өзгерісінің басты өлшемі де – адамға жасалған жағдай.











