Әзірбайжан астанасы Баку қаласында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің 30-ға жуық елінен үздік балуандар қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесінде чемпиондық атақ сарапқа салынды. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жоғары нәтижелер көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Солардың қатарында Шымкент қаласының спортшылары да бар.
74 келі салмақта белдескен Жұмажан Қожамбеков қарсыластарының барлығынан басым түсіп, Әлем чемпионы атанды. Бұл — шымкенттік балуанның әлемдік аренадағы кезекті жеңісі. Жұмажан Қожамбеков осылайша бес дүркін әлем чемпионы деген биік атаққа қол жеткізді. Ел мерейін үстем еткен спортшы алдағы жарасытардада жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін барымды саламын деді.
Сондай-ақ, әйелдер арасындағы бәсекеде Шымкент спортшысы Севара Нишанбаева да үздіктер қатарынан көрінді. 70 келі салмақта сынға түскен балуан күміс жүлдені иеленіп, Қазақстан қоржынына бағалы медаль қосты. Жарыста соңына дейін табандылық танытқан Севараның нәтижесі — ел спорты үшін маңызды жетістік. Чемпиондарды әуежайдан қарсы алған сәтте жақындары ақжарма тілектерін айтып, гүл шоқтары мен ыстық ықыластарын жеткізді. Жеңіс жолынан оралған балуандарды жанкүйерлер қол соғып, ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Бұл — спортшылар үшін үлкен қолдаудың және еңбектің еленгенінің көрінісі. Ал шымкенттік чемпиондардың жеңісі жас спортшыларға жаңа серпін беріп, көк байрақты биіктерде желбіретуге жігерлендіреді.
