Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген тағылымды сөзі тоғызқұмалақ тақтасында да көрініс табады. Өйткені бұл ойыннан жеңіске жету үшін тек шапшаңдық емес, сабыр мен есеп, стратегия мен тапқырлық қажет. Хәкім Абайдың туған күніне орай Шымкентте ұлттық зияткерлік ойынынан қала чемпионаты өтті.
Бір қарағанда тақтадағы бар болғаны тоғыз отау мен тоқсанға жуық құмалақ сияқты. Бірақ әр жүрістің артында бірнеше қадамдық есеп жатыр. Қатысушылар қарсыласының жүрісін алдын ала болжап, ұтымды комбинация жасауға тырысады. Ал бұл чемпионаттың ерекшелігі – спортшылар жеңіс үшін ғана емес, республикалық додаға жолдама үшін таласты.
Бұл тақта басындағы бәсеке Ғалымжан Темірбаев үшін таңсық емес. Ол тоғызқұмалақтың әр отауын, әр жүрісін жақсы білетін тәжірибелі ойыншы. Ең қызығы – спортшы ұлттық ойынды 32 жылдан бері серік етіп келеді.
Тоғызқұмалақ – өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі ұрпақтың ойлау қабілетін дамытатын ұлттық спорт. Ұйымдастырылған чемпионат та осы мұраны кеңінен насихаттап, жаңа буынның қызығушылығын арттыруды көздейді.