Шымкентте тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін үш маңызды сала бір жиында талқыланды. Неліктен санитариялық қызмет кез келген кәсіпкерді тексере алмайды? Неге жер кезегінде тұрған жүздеген мың азаматқа әзірге жер берілмейді? Ал жасанды интеллект қала тіршілігіне қалай еніп жатыр? Осы және өзге де өзекті мәселелер Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында көтерілді.
Қоғамдық кеңесте белгілі болғандай, Кәсіпкерлік кодексі күшіне енгелі жоспарлы тексерулерге шектеу қойылған. Енді мамандар тек тұрғындардан арыз-шағым түсіп, арнайы рұқсат алынған жағдайда ғана тексеруге шығады. Ал дүкен сөрелеріндегі мерзімі өткен өнімдерді анықтау үшін бақылау мақсатында сатып алу тәсілі қолданылады. Сонымен қатар, санитариялық қызмет жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын балабақша, мектеп, емхана секілді әлеуметтік нысандарды тұрақты тексеруге құқылы. Шымкентте жер кезегінде тұрғандардың саны 283 мыңға жуық. Алайда дәл қазір қалада тұрғын үй салуға жер телімдерін беру тоқтатылған. Себебі мегаполистің бас жоспары қайта қаралып жатыр. Мамандардың айтуынша, болашақта жерді тиімді пайдалану үшін көпқабатты тұрғын үй құрылысына басымдық беріледі. Ал жеке тұрғын үйге жер алғысы келетін азаматтарға әзірге басқа өңірлердегі қолжетімді мүмкіндіктерді қарастыру ұсынылады.
Жасанды интеллект енді тек кеңседе емес, күнделікті тіршілікте де нақты нәтижесін көрсетіп жатыр. Қалада көрсетілетін 165 мемлекеттік қызметтің 141-і толық цифрландырылған. Сонымен қатар, қалада тозған құбырларды жер қазбай анықтайтын интеллектуалды жүйе сынақтан өтіп, қолданысқа енгізілуде. Денсаулық сақтау саласында да инсульт белгілерін ерте анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық технологиялар пилоттық жоба ретінде іске қосылған. Енді бұл шешімдердің қолданылу аясын кеңейту жоспарланып отыр.
Қоғамдық кеңесте көтерілген мәселелердің бәрі бір мақсатқа тоғысады. Бұл – қала тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын арттыру. Бір салада бақылау тетіктерін жетілдіру қажеттігі айтылса, енді бірінде жер ресурстарын тиімді пайдалану жолдары қарастырылды. Ал цифрландыру бағытында жаңа технологияларды енгізу арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін күшейту көзделіп отыр. Мамандар барлық бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.