“ Қарттарым – асыл қазынам” Жақындарынан алшақтап, өзге жандардан жылу көрген 70 қарттың жағдайы қалай? Оларға бүгінде қандай әлеуметтік көмек көрсетілуде? Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері қарттар үйіндегі азаматтардың халін сұрап қайтты.
Бүгінде қалада 105 мың ардагер бар. Олардың барлығы дерлік бақытты болуға лайықты дейді, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев. Кездесу “ Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар” тақырыбында өрбіді. Көне көз қарттардың көңілін аулау үшін арнайы сый-сыяпаттар табысталды.
Қарттар үйіндегі азаматтардың көбі 1 және 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал олардың денсаулығын бақылап, жақсы көңіл-күйде жүруі үшін мекеменің білікті мамандары жұмыс жүргізеді. Олар мұны қызметтік міндеттен бұрын, азаматтық борыш деп санайды.
Қарттар үйінің тұрғындары мұнда барлық қажетті жағдай жасалғанын айтады. «Қарнымыз тоқ, көйлегіміз бүтін. Қызметкерлер бізді өз ата-анасындай күтіп-баптайды», – дейді ақсақалдар. Олар күнделікті тыныс-тіршілігі мен бос уақытын тиімді өткізуіне жасалған мүмкіндіктерге дән риза.
Бүгінде мұндағы әрбір азамат тұрақты медициналық бақылаумен қамтылып, әлеуметтік-психологиялық қолдау алады. Ардагерлер кеңесінің мүшелері мұндай кездесулер қарияларға рухани демеу болып, үлкенге құрмет пен жан жылулығын сыйлайтынын айтты.