Жаз мезгілінде балалардың уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін орындардың бірі – лагерь. Шымкент қалалық №2 Оқушылар сарайындағы «Қызық Life» жазғы демалыс орталығы биыл да оқушыларға есігін айқара ашты. Үшінші жыл қатарынан жұмысын жалғастырып келе жатқан лагерьде балалар жаңа ортамен танысып, демалыс уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуде.
Мемлекет басшысы жас ұрпақтың уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуін қамтамасыз ету, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өткен болатын. Осы мақсатта әрбір баланың тегін үйірмелерге қатысуына, спортпен шұғылдануына және қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасалуда.Президент бастамаларын жүзеге асырып отырған №2 Оқушылар сарайы биыл да жазғы лагерь жұмысын қайта бастады. Осы уақытқа дейін мыңнан астам баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берген орталықта биыл да сұраныс жоғары. Қазіргі таңда бір ауысымда 200 ден астам оқушы қабылданған.
Лагерьде балалардың сапалы демалысы мен жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Мұнда оқушыларға арналған 15 түрлі үйірме жұмыс істейді. Балалар өз қызығушылықтарына қарай күніне үш үйірмеге дейін қатыса алады. Әсіресе мұнда робототехника, жүзу, фитнес және би үйірмелеріне қызығушылық жоғары. Айта кетейік, еліміз бойынша балалар жазғы демалыс кезеңінде өздерін қызықтырған бірнеше үйірмеге қатыса алады. Алайда бір тегін үйірмеден бөлек қосымша екінші немесе үшінші үйірмені таңдаған жағдайда, оған белгілі бір мөлшерде ақы төленеді.Мұндай жобалар оқушылардың жазғы уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың жаңа қызығушылықтарын ашуға, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Балалардың уақытын көшеде бос өткізбей, пайдалы іспен айналысуы – әрбір ата-ана үшін үлкен қуаныш.