Балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкенттегі ерекше бүлдіршіндерге арналған мерекелік іс-шара өтті. Креатив хаб орталығында ұйымдастырылған кездесуде балаларға сыйлықтар табысталып, олардың шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.Шымкент шығармашылық индустрия қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен шарада бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына мерекелік сыйлықтар табысталды. Бұл жай ғана сыйлық емес, балалардың өз қолдарымен жасаған ерекше туындылары еді.
Сыйға тартылған орамалдарға балалар өздері салған суреттерін бейнелеп, ата-аналарына деген жылы лебіздерін жазған. Балаларының шығармашылық қабілетіне куә болған ата-аналардың қуанышында шек болмады. Жалпы, ерекше бүлдіршіндерге арналған игі шаралар мұнымен тоқтап қалмайды. Балалардың шығармашылық қабілеттерін одан әрі дамыту және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында ата-аналар мен орталық арасында келісім жасалды. Енді бүлдіршіндер апта сайын орталыққа келіп, сурет салу, би билеу, қолөнер бұйымдарын жасау және сән көрсетілімі секілді түрлі шығармашылық бағыттармен айналыса алады.