Түнгі тыныштықты тексерген дабыл дауысы. Қаланың қақ ортасындағы «Ақбар» базары аумағында өрт сөндірушілердің қатысуымен кешенді өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Бұл іс-шараның мақсаты – төтенше жағдай кезінде жеке құрамның іс-қимыл дайындығын жетілдіру және түрлі қызметтердің өзара әрекет ету қабілетін шыңдау.
Жаттығу сценарийі бойынша базардағы екі қабатты дүкеннің бутиктерінің бірінде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шығып, жалын көрші нысандарға тез тарай бастаған.
Шақырту түскен сәттен бастап Шымкент қаласы ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына бірнеше минутта жетіп, шұғыл штаб құрды.
Оқу-жаттығуға 11 өрт сөндіру техникасы, офицерлік және жеке құрам, Апаттар медицинасы орталығы, сондай-ақ «102», «103», «104» және «105» қызметтері жұмылдырылды.
Шартты өрттің аумағы 120 шаршы метрді қамтыды. Өрт сөндірушілер нақты төтенше жағдай кезіндегідей әрекет етіп, адамдарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялады, газ-түтіннен қорғау қызметі мен жедел штабтың үйлесімді жұмысын пысықтады.
«Мұндай оқу-жаттығулардың маңызы зор. Бұл – біздің бөлімшелердің дайындық деңгейін тексеріп қана қоймай, әрбір құтқарушының өз міндетін нақты орындауға үйренуіне мүмкіндік береді. Нақты жағдайда үйлесімді әрекет ету – адам өмірін сақтап қалудың басты шарты», дейді Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Әбілбек Байташов,
Жаттығу барысында өрт сөндірушілер от пен түтінге қарсы күресте кәсіби шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әрбір қызметкер өз рөлін жауапкершілікпен атқарып, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғауға деген берік ұстанымын көрсетті.
«Ақбар» базарындағы түнгі оқу-жаттығу – қалалық ТЖ департаментінің жүйелі жұмысының бір бөлігі. Мұндай шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайдың алдын алуға және өрт сөндірушілердің кәсіби дайындығын жетілдіруге бағытталған.
Қорытындылай келе, жалынмен арпалысатын құтқарушылардың батылдығы мен жауапкершілігі – қоғам тыныштығының кепілі. Өрт сөндірушілер тәуліктің қай уақыты болмасын, қауіптің ортасына кіріп, ел амандығын сақтау жолында аянбай еңбек етуде.