Шымкент қаласында полиция қызметкерлері ет сататын орындарға, мал тасымалдаушы көліктерге және мал сою алаңдарына кең ауқымды тексерістер жүргізді. Бұл шаралар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің және департамент бастығының тапсырмасына сәйкес, мал ұрлығына қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында қолға алынды.
Қалалық полиция департаментінің құрылымдары арнайы топ құрып, мал ұрлығының алдын алу, заңсыз тасымалданатын малдың иесін анықтау, сондай-ақ мал және ет өнімдерін сатуға байланысты заң бұзушылықтардың жолын кесуге кірісті.
Тексеріс барысында 18 шаруа қожалығы, 64 ет сататын орын, 12 мал тасымалдаушы автокөлік және мал сою алаңдары бақылаудан өтті. Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар және ветеринария саласының мамандарымен бірлесіп, құжатсыз төрт түлік тасымалдау фактілерін анықтап, ет өнімдерінің сапасы мен заңдылығына ерекше назар аударды.
Жыл басынан бері аталған бағыттағы тексерістер нәтижесінде 147 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркеліп, хаттамалар толтырылды.
Полиция қызметкерлері халықтың мүлкін қорғау, заңсыз әрекеттердің алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.