Шымкент қаласында полиция қызметкерлері ауқымды киберқылмыстық схеманың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы бөлімшесі жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде интернет-алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Тергеу барысында күдіктілердің Шымкент, Алматы және Алматы облысында жасалған 9 интернет-алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Келтірілген материалдық шығын 141 миллион теңгеден асты.
Арнайы операция барысында қылмыстық топтың 4 мүшесі қолға түсті. Олардың қатарында:
- топ басшысы және ұйымдастырушы,
- дропперлерді іздеп, тартумен айналысқан екі қатысушы,
- қолма-қол ақша алып, ұйымдастырушыға жеткізіп отырған тасымалдаушы бар.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Полицейлер күдіктілердің өзге де ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде. Іс-шара қалалық прокуратураның үйлестіруімен өткізілді.
Айта кетейік, 16 қыркүйектен бастап заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз ақша аударымдарын жүзеге асыру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Шымкент полициясы азаматтарды қырағылық танытып, күмәнді сілтемелер мен бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сенбеуге шақырады.