Шымкент қаласында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері қару иелерін тексеру жұмыстарын жүргізді. Шараның мақсаты – қаруды сақтау және тіркеу тәртібін бақылау, заң бұзушылықтарды болдырмау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Тексеру барысында қару иелері тарапынан бірқатар заң талаптарының бұзылғаны белгілі болды. Атап айтқанда, қаруды сақтау ережелері мен оны тіркеу мерзімдерінің сақталмауы жиі кездескен. Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, 73 тұрғынның қаруды рұқсатсыз сақтағаны анықталды.
Полиция өкілдері қару иелерін заңды қатаң сақтауға шақырып, мұндай талаптар ең алдымен қоғамдағы тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталғанын атап өтті. Қарудың заңсыз айналымына жол бермеу – құқық қорғау органдарының басым міндеттерінің бірі.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, «Учаске» аясындағы тексерулер тұрақты түрде жүргізіліп, заң бұзушылықтың алдын алуға әрі «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуға ықпал етпек.











