Шымкент қаласындағы 35748 әскери бөлімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты халыққа арнаған Жолдауын ұжым болып тыңдау ұйымдастырылды.
Президент өз сөзінде адамзаттың жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын, жасанды интеллекттің дамуы әлемдік қауіпсіздікке тың қатерлер төндіріп отырғанын атап өтті. Әсіресе, заманауи технологияларды әскери салада пайдалану мәселесі мен жаңа геосаяси тәртіптің қалыптасуына ерекше назар аударылды.
– Басты миссиям – Қазақстанның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қатерлер мен өзгерістерге толы кезеңде елдің тұрақтылығы мен мызғымастығын сақтау – ортақ міндетіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Жолдауда ұлттық қауіпсіздікті күшейту, экономиканы дамыту, басқару жүйесін жаңғырту және цифрлық шешімдерді енгізу сияқты стратегиялық басымдықтар айқындалды.
Жиыннан кейін әскери қызметшілер өз пікірлерін білдіріп, Президенттің бастамаларын қолдауға дайын екендіктерін жеткізді. 35748 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбазы, ефрейтор Мағжан Иманбаев былай деді:
– Жолдау бізге еліміздің жаңа даму бағытын көрсетті. Армия да заман талабына сай жетілуі тиіс. Біз, сарбаздар, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрдайым дайынбыз.
Бөлім командованиесі Жолдаудың ел өмірінің барлық саласына, әсіресе қорғаныс қабілетін нығайтуға бағдар болатынын атап өтті. Әскерилердің пікірінше, Мемлекет басшысының стратегиялық бағыттары – Отан қорғаушылар үшін нақты іс-қимыл жоспары әрі жаңа міндеттерге жол сілтейтін құжат.