Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласының 290 мектебінде «Прокурорлық сағат» атты кең ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Оған 90 мыңнан астам оқушы қатысып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мазмұнды кездесудің куәсі болды.
Диалог ашық пікір алмасу түрінде өтіп, құқық қорғау органдарының ардагерлері оқушыларға өздерінің өмірлік және кәсіби тәжірибелерін жеткізді. Ардагерлердің әңгімелері жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беріп, отансүйгіштікке, әділдік пен заңды құрметтеуге үндеді.
Іс-шара барысында оқушыларға арнайы әзірленген «IDos» атты ресми TikTok аккаунты таныстырылды. Бұл платформада жастарға түсінікті әрі тартымды форматта профилактикалық бейнероликтер тұрақты түрде жарияланып тұрады. Қысқа да нұсқа бейнемазмұндар арқылы оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары, заңға қайшы әрекеттердің салдары мен жауапкершілігі түсіндіріледі.
Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың бойына қоғамға пайдалы мінез-құлық үлгілерін сіңіруге ықпал етеді.
Балалар – біздің болашағымыз. Оларды қорғау мен қолдау – әр азаматтың ортақ міндеті.