Шымкент қаласында Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахымов есімін иеленген әскери колледждің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Салтанат дәстүр бойынша Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Оған оқу орнының жеке құрамы, ардагерлер, қоғам өкілдері және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысып, даңқты қолбасшыны бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қорғаныс министрі өз сөзінде жаңа колледждің тарихи мәніне тоқталды:
– Жаңа оқу орны батылдықтың, әскери борышқа адалдықтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің символы – даңқты командир Сабыр Рахымовтың есімімен байланысты. Колледждің басты міндеті – кәсіби дағдыларды меңгерген, жауапкершілігі жоғары әрі ел тәуелсіздігі жолында қызмет етуге дайын сержанттар даярлау, – деді Дәурен Қосанов.
Министр оқытушылар мен командирлерге тек әскери машықтарды ғана емес, сонымен қатар жас ұландарға ұлттық рух, адамгершілік құндылықтар мен патриоттық сезімдерді сіңіруді тапсырды. Ал курсанттарға мықты денсаулық, табысты оқу және болашақта ел қорғанысын нығайту жолындағы жемісті еңбек тіледі.
Салтанатты іс-шара барысында колледждің үздік әскери қызметшілері марапатталды. Әскери техника үлгілері қойылған алаңда қоян-қолтық ұрыс тәсілдері көрсетіліп, жеке құрам салтанатты маршпен жүріп өтті.
Ұландардың көрсетілімінен кейін қонақтар оқу корпусы мен казарма жағдайымен, кітапхана, мұражай, асхана, спорт залы мен стадионды аралап танысты. Колледж тәрбиеленушілері атынан сөз алған Сабыр Қошқарбай жас сарбаздарға жасалған жағдай үшін алғысын білдіріп, әскери мамандықты адал меңгеруге дайын екендерін жеткізді.
Жаңа оқу орнының ашылуы – елдің қорғаныс қабілетін арттыруға, кәсіби сержанттар корпусын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.