Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Шымкент гарнизонына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әскери бөлімдер мен мекемелердің қызметін, инфрақұрылымын және әскери қызметшілерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды тексерді.
Сапар аясында министр күзгі әскерге шақыру науқанының барысымен танысып, қалалық шақыру пунктіне барды. Онда әскерге шақырылушыларға жасалған жағдайларды, медициналық комиссиядан өту тәртібін зерделеп, алғашқы сарбаздармен және Қарулы күштердің ардагерлерімен сұхбаттасты.
Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің инфрақұрылымын аралаған Дәурен Қосанов олардың жауынгерлік дайындығын бағалап, оқу-жаттығу кешенінде қала жағдайында ұрыс жүргізу және ғимаратты шабуылдау элементтерін тамашалады.
Қалалық аумақтық қорғаныс бригадасында министр резервтегі әскери қызметшілерді қайта даярлау іс-шараларының орындалуы жөнінде баяндама тыңдап, арнайы шабуылдау жолағы мен оқу инфрақұрылымымен танысты. Оның айтуынша, мұндай жаттығулар жеке құрамның кәсіби шеберлігін шыңдап, күрделі жағдайда үйлесімді әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасында министр мерзімді әскери қызметшілерге жасалған тұрмыстық жағдайға ерекше назар аударды. Сарбаздар жеке гигиеналық құралдармен толық қамтамасыз етілген, әр тумбочкада қажетті заттар жиынтығы бар. Сонымен қатар, медициналық қамтамасыз ету жүйесі де оң тәжірибе ретінде атап өтілді. Әр сарбазға жеке медициналық карта жүргізіліп, онда денсаулық жағдайы туралы мәліметтер толық тіркеледі. Бұл қажетті дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларда алғашқы көмек көрсету дағдыларын жетілдіруге жағдай жасайды.
Жұмыс сапарының қорытындысында Қорғаныс министрі мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды сапалы іріктеу, жеке құрамды оқыту және жауынгерлік дайындық әдістерін жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.